Қоғам

Алматы облысында ұлтаралық қақтығыс болған жоқ – ҚХА

© Photo : СЦКМайя Бекбаева
Майя Бекбаева - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.10.2021
Жазылу
Күні кеше Пенжімде болған қақтығыстың ұлтаралық алауыздыққа қатысы жоқ. Қазір елді мекендегі жағдай тыныш, деп мәлімдеді ҚХА

НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан — Sputnik. Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) ресми өкілі Майя Бекбаева Алматы облысының Пенжім аулында болған жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Ол күні кеше ауыл тұрғындары мектеп аумағында жаппай төбелес болып, оның ауыр салдарға алып келгеніне наразылық білдіру үшін жиналғанын айтты. Ал кейбір жасөспірімдер мен жас азаматтар арандатушылардың ықпалымен кейбір жеке үйлердің терезесіне тас лақтырып, көлік терезелерін де сындырған.

"Ауыл тұрғындары арасында ұлтаралық қақтығыс болмағанын және болмайтынын ерекше атап өткім келеді. Жергілікті тұрғындар – қазақтар да, ұйғырлар да дос әрі көрші, олардың барлығы бейбіт әрі тыныш өмірді қалайды", - деп жазды Майя Бекбаева Facebook-те.

Қазір ауылдағы тәртіпті жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Зәкіржан Көзиев, ҚХА хатшылығы бөлімінің басшысы және облыстық ішкі саясат басқармасының ұлтаралық қарым-қатынас мәселелері жөніндегі жетекшісі М.Батырбеков пен "Қоғамдық келісім" МКК директоры бақылауда ұстап отыр. Олармен бірге ақсақалдар, жігіт-бештер мен азаматтық қоғам өкілдері жұмыс істеп жатыр.

"Қазіргі уақытта Пенжім аулындағы жағдай тыныш", - деді Бекбаева.

Пенжім аулындағы тәртіпсіздік

Алматы облысының полициясы 27 қазанда 16 жастағы жасөспірім дене жарақаттарымен мектептен ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.

Анықталғандай, екі оқушының арасында жанжал басталып, оның арты төбелеске айналған. Соның салдарынан жасөспірім зардап шекті. Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, ол ауыр халде жатыр.

Полиция ҚР ҚК 106-бабының 2-бөлімі – "Адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша қылмыстық істі тіркеді. Төбелеске қатысқандардың барлығы анықталды.

Әлеуметтік желіде Пенжім ауылында болған төбелес пен тәртіпсіздік видеосы тараған болатын. Кадрда елді мекенде тәртіпсіздіктер кезінде әдейі өрт қою жағдайлары да болғаны көрінеді.

Оқи отырыңыз: Пенжім ауылында жаппай төбелестен кейін үй өртенді: оқиғаның мән-жайы

 

Жаңалықтар
0