Экономика

Құрылыс сапасын анықтау үшін цифрлық құралдарды енгізу қажет – Тоқаев

© Sputnik / Алексей Мальгавко / Медиабанкке өтуМонитор ноутбука
Монитор ноутбука - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.10.2021
Жазылу
Президент көрсетілетін мемлекеттік қызметтің барлық түрін үнемі жаңғыртып отырудың маңыздылығына назар аударды

НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев "Digital Bridge" халықаралық технологиялық форумына қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Президент көрсетілетін мемлекеттік қызметтің барлық түрін үнемі жаңғыртып отырудың маңыздылығына назар аударды.

"Міндет – қызметтерді офлайн режимнен онлайн режимге ауыстыру ғана болмауы керек. "Цифр" көрсетілетін мемлекеттік қызметтің және оған қатысты сұранымдардың, жауаптардың, келісімдердің санын қысқартуға тиіс. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер кешенді және сапалы болуға тиіс", – деді ол.

Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік органдардың цифрлық трансформациясын бюрократиямен, сыбайлас жемқорлықпен және тиімсіздікпен күрес құралы ретінде қарастырған жөн.

Ол үкіметке "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметке тексеріс жүргізіп, олардың цифрлық тұрғыдан оңтайландырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

© Photo : официальный сайт президента Республики Казахстан Қасым-Жомарт Тоқаев "Digital Bridge" халықаралық технологиялық форумына қатысты
Құрылыс сапасын анықтау үшін цифрлық құралдарды енгізу қажет – Тоқаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.10.2021
 Қасым-Жомарт Тоқаев "Digital Bridge" халықаралық технологиялық форумына қатысты

Мемлекет басшысы іс жүзінде ең түйткілді деген екі саланы – құрылыс пен жер қатынастарын ерекше атап өтті.

Президент құрылыс саласындағы жағдай туралы айта келе, техникалық-экономикалық негіздемелерді, жобалық-сметалық құжаттарды және мемлекеттік сараптаманы әзірлеу кезінде қағаз құжаттардан цифрлық форматқа кезең-кезеңмен көшу қажеттігі туралы мәлімдеді.

"BIM технологияларын қолдану мәселесін қазіргі нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттеуді қамтамасыз ету керек. Бұл жұмыстың орындалу мерзімін айтарлықтай қысқартады. Осы саладағы сыбайлас жемқорлықты азайтады, сондай-ақ құрылыс құнын төмендетеді. Үкіметке аталған саланы Цифрлық кеңсе жұмысындағы басымдықтардың бірі ретінде айқындауды тапсырамын", – деді ол.

Президенттің пікірінше, жер саласын цифрландыру ісі жер бөлу және жер алу кезегінің ашықтығын шешуге септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес үшін жер учаскелерін таңдау және бөлу мәселесін толық цифрландыруды, жылжымайтын мүліктің Бірыңғай мемлекеттік кадастрын құру жұмыстарын жеделдетуді және осы ақпараттық жүйені 2022 жылдың бірінші жартыжылдығынан кешіктірмей іске қосуды тапсырды.

Мемлекет басшысы құрылыс жұмыстарының сапасын анықтау үшін цифрлық құралдарды белсенді әрі кең көлемде енгізу қажет екенін атап өтті. Негізгі құрылыс компаниялары тұрғын үй, мектеп, аурухана, жол және басқа да әлеуметтік мәні бар маңызды нысандар салу үшін мемлекет қаржысын молынан игеруде.

Президент олардың сапасы көбінесе көңілге қонбайтынын атап өтті. Күмән туғызады, деді. Бұл жағдай азаматтардың наразылық жасауына алып келеді. Тоқаевтың айтуынша, үкімет осы мәселеге баса мән беріп, цифрлық құралдарды қолдануға тиіс.

Жаңалықтар
0