НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы еліміздегі интернет пен байланыс сапасына көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды Ақорда.
"Қазіргі кезде нақты емес нәрсені сату қалыпты жағдайға айналды. Олар интернет параметрлерінің бірін жарнамалайды да, шын мәнінде мүлде басқасын ұсынады. Жақсарып жатқан ештеңе жоқ. Маған берілген мәлімет бойынша, тіпті елорданың өзінде, сөз бен істің алшақтығы 40-50 процентке дейін жетеді", - деді президент "Digital Bridge" халықаралық технологиялық форумында.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл тұтынушыларды алдау деген сөз.
"Мұндай өрескелдікті доғару керек. Үкіметке әкімшілік құрамды заңдық негізде бекітуді және бұндай заң бұзушылықтар үшін санкциялар белгілеуді тапсырамын. Біз үнемі Қазақстанның аумағы жүз процентке жуық интернетпен қамтылды деп айтып жүрміз. Мәселенің басын ашып алайық, осы іс жүзінде расталған ақпарат па әлде жоқ па? Немесе ойымыздағыны шындық деп санаймыз ба?", - деді ол.
Жиында президент жеке мәліметтердің қауіпсіздігіне де ерекше тоқталды.
"Цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру мәселесі, оның қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті қоса жүктейтінін түсіну керек. Яғни, жеке мәліметтер құқықтық тұрғыдан да, физикалық жағынан да сапалы қорғалуға тиіс. Бұл мемлекеттік жүйелерге ғана емес, мемлекетпен тығыз интеграцияланған жалпы цифрлық экожүйеге де қатысты", - деді ол.
Президенттің айтуынша, үкімет азаматтардың жеке деректерінің жоғалуына және ұрлануына қатысты жауапкершілікті қатаңдату жөнінде заңнамалық өзгерістер топтамасын әзірлеуге тиіс.