НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Коронавирусқа қарсы балалар вакцинасы жақын арада тіркелуі мүмкін. Бұл туралы РИА Новости порталына Гамалея атындағы ұлттық эпидемиология және микробиология зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбург мәлімдеді.
"Қазір сарапшылар жұмыс істеп жатыр: фармакологиялық сараптама өткізілуде. Таяу арада тіркеу туралы оң шешім шығады деген үміттемін", - деді ол.
Гамалея атындағы орталық әзірлеген балаларға арналған вакцина "Спутник М" деп аталуы мүмкін. Бұл туралы Гинцбург бұған дейін мәлімдеген еді.
"Спутник" қала беретін шығар, М әрпі қосылар, бәлкім. Менің түсінуімше, бұл "кішкентайлар" деген мағынаны білдіреді. Бұл вакцинаға М литері қойылуы мүмкін", - деді Гинцбург.
Бұған дейін Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі Гамалея атындағы орталықтан жасөспірімдерге арналған "Гам-КОВИД-Вак-М" вакцинасын тіркеуге құжаттар пакетін алды.
Егер препарат мақұлданса, вакцина салу ерікті болады. Вакцинация ата-ана немесе заңды өкілдің келісімімен ғана жүргізіледі.
Александр Гинцбургтің айтуынша, "Спутник V" вакцинасы коронавирустың барлық түрінен, соның ішінде "дельта" штаммнан қорғайды.