Оқиға

Нұр-Сұлтанда ер адам сот орындаушысына балтамен тап берді – видео

© Photo : pixabay / Markus Spiske Топор
Топор - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.10.2021
Жазылу
Сот орындаушысы борышкерден көлікті өндіріп алмақ болған. Алайда ер адам қарсылық танытып, оған балта ала жүгірді

НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан — Sputnik. Борышкер автокөлікті өндіріп алмақ болған жеке сот орындаушысына балтамен тап берді.

Нұр-Сұлтандағы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы хабарлағандай, ер адам жалпы сомасы 302 176 теңге болатын 21 әкімшілік айыппұл мен банк пайдасына 358 728 теңге қарыз болып қалған.

Борышкерге қатысты барлық қажетті бұғаттаулар мен шектеулер енгізілген. Сондықтан "Ваз 2115" автокөлігін тәркілеу туралы қаулы шығарылды.

26 қазанда таңертең сот орындаушысы борышкер тұратын мекенжайға келген. Айта кетері, ер адам дәл осы көлікпен бірнеше рет жол ережесін бұзып, айыппұл салынған.

Ереже бұзғаны "Сергек" бейнебақылау камерасы арқылы расталды, деп нақтылады өңірлік палатада.

"Полиция қызметкерлерінің қатысуымен автокөлікті тәркілеу кезінде борышкер өзін агрессивті ұстап, жеке сот орындаушысының автокөлікті тапсыру туралы талабын орындаудан түбегейлі бас тартты. Одан кейін үйіне кіріп, балта алып шығып, жеке сот орындаушысы мен полиция қызметкерлеріне тап берген. Бұл жағдайдың барлығы видеотіркеу камерасына түсті", - деді Нұр-Сұлтан жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Мадина Жаңасаева.

Сол сәтте полиция қызметкерлері ер адамды ұстап, полиция басқармасына алып кетті.

Сот орындаушысы өміріне қауіп төнгені және шабуыл жасағаны туралы полицияға шағымданды.

Борышкерде тағы бірнеше өтелмеген айыппұл мен салық қарызы бар. Олармен басқа сот орындаушылары айналысып жатыр.

Қазақстанда сот орындаушыларына қарсы шабуыл

Қазақстанда соңғы кезде жеке сот орындаушыларына шабуыл жасау жиілеп кетті.

Әсіресе, биыл 20 қыркүйекте Алматыда болған оқиға қоғамды дүрліктірді. Қала тұрғыны Игорь Дужнов отбасын үйінен шығаруға келгендерге қарсы оқ атты. Қайғылы жағдайдан бес адам, соның ішінде екі полицей, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі және оның танысы көз жұмды.

Игорь Дужнов қамауға алынып, "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық істі тергеу басталды. Ол 20 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Оқ атқан ер адамға тиесілі үй біраз бұрын банк алдындағы берешегі болғандықтан сатылып кетті. Баспана үшінші тарапқа сатылған. Үйдің алдыңғы иесі сот үкімімен келіспей, үйді босатудан бас тартқан. Ал сот баспананың жаңа иесінің жағына шықты.

Сотта Дужнов адамдардың мерт болғанына өкінетінін айтты. Ол оны мұндай қадамға "заңсыздық пен сот орындаушының заңсыз әрекеті" мәжбүрлегенін мәлімдеді.

Кейінірек белгілі болғандай, сот Дужнов отбасы үйді босату керектігі туралы талапты кейінге қалдырды.

Жаңалықтар
0