НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. Елбасы академик Серік Қирабаевтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Еlbasy.kz.
Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті әдебиеттанушы, сыншы, филология ғылымының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Смайылұлы Қирабаевтың дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтты.
"Саналы ғұмырын басыбүтін ғылыми-педагогикалық қызметке арнаған Серік Смайылұлы отандық әдебиеттану саласын дамытуға қомақты үлесін қосқан ірі ғалым болатын. Ол өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап орта мектепке арналған оқулықтар мен оқу бағдарламаларын жазу және жетілдіру ісіне аянбай атсалысқан зор парасат иесі, ұлағатты ұстаз еді", - деп жазылған жеделхатта.
Елбасы Қирабаев үнемі азаматтық айқын ұстанымын танытып, қажырлы қайраткерлігімен елдің өсіп-өркендеуіне атсалысқанын жеткізді. Көптің сый-құрметіне бөленіп, көптеген мәнді ғылыми зерттеулері мен ізбасар шәкірттерін қалдырғанын атап өттіү
Назарбаев Серік Смайылұлының ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталатынына сенім білдірді.
Серік Смайылұлы Қирабаев 1927 жылы 23 наурызда Қарағанды облысы Жаңарқа ауданында туған.
Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.