НҰР-СҰЛТАН, 25 қазан – Sputnik. Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов адамды бет-әлпетінен анықтайтын бейнекамералар туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте тілшілер адамды бет-әлпетінен танитын бейнебақылау жүйесінің бар-жоғын сұрады. Ішкі істер министрінің орынбасары ондай камералардың орнатылмағанын, бірақ қолдану мәселесі талқыланып жатқанын жеткізді.
"Қазіргі кезде ішкі істер органдары адамды бет-әлпетінен танитын бейнебақылау жүйесін қолданып жатқан жоқ. Биометриялық дербес деректер бойынша анықтау мәселесін талқылау жұмысы енді ғана басталды. Біз басқа елдердің тәжірибесін зерделеп отырамыз. Мәселен, Ұлыбритания, АҚШ, Оңстүстік Корея сияқты елдер осы бағытта белсенді жұмыс атқарып келеді. Негізгі мақсат – қылмыскерлерді аз уақыт ішінде ұстау", - дейді Сәрсенов.
Оның айтуынша, бүгінде әлем бойынша бейнебақылау жүйесінің талдау мүмкіндіктері жан-жақты енгізіліп жатыр. Соның ішінде адамды бет-әлпетінін тану және тағы басқа биометриялық функциялар бар. Алайда көп жағдайда камераларды сан алуан қылмыстарды ашу үшін қолданып жатады.
"Мәселен, қызыл түсті Toyota Camry көлігі іздеуге жарияланса, камера сондай түсі бар автомобильдерді тіркеп отыруға тиіс", - деп атап көрсетті Сәрсенов.