НҰР-СҰЛТАН, 24 қазан – Sputnik. Жексенбі, 24 қазанда Өзбекстанда президент сайлауы басталды.
Қазақстанның барлық өңірінде дауыс беру ұйымдастырылды. Нұр-Сұлтанда кандидаттардың біріне Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігі аумағында, Қарасаз көшесі, 1 мекенжайында орналасқан N20 учаскеде дауыс беруге болады.
Дауыс беру елорда уақытымен 8:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. Сайлауға Өзбекстанның кез келген азаматы (18 жастан бастап) қатыса алады. Азаматтың өзімен бірге өзбек паспорты болуға тиіс.
Биыл Өзбекстан президенттігіне бес кандидат үміткер: Шавкат Мирзиеев, Максуда Варисова, Бахром Абдухалимов, Алишер Кадыров және Нарзулло Обломуродов.
Сайлау қорытындысы 3 қарашаға дейін шығарылады. Егер бірде бір кандидат 50%-тен артық дауыс жинамаса, сайлаудың екінші кезеңі белгіленеді. Оған ең көп дауыс жинаған екі үміткер өтеді. Сайлаушылардың 33 пайыздан астамы қатысқан жағдайда ғана сайлау өтті деп саналады.
Өзбекстан президенті бес жылға сайланады.