Өңірлер

Перзентханаға босануға барған әйел сәбиімен бірге көз жұмды – оқиғаның мән-жайы

CC0 / Pixabay / Беременная женщина сложила руки на животе
Беременная женщина сложила руки на животе - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.10.2021
Жазылу
Әйел қайтыс болардан үш күн бұрын Өскемендегі ана мен бала орталығына  жатқызылған. Туыстары келіншек босана алмай көз жұмды дегенге сенбейді

НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан – Sputnik. Өскеменде ана мен бала орталығында шақалағымен бірге көз жұмған 37 жастағы Айжан Мержақыпованың туыстары шу шығарды. Қара жамылған отбасы әйелдің аяқ аясты өліп қалғанының себебін білмей дал.

Олардың айтуынша, дәрігерлер келіншектің неден қайтыс болғанын айтудан бас тартып, мәйітке жасалған сараптама қорытындысын да бермей қойған, деп хабарлайды КТК.

Айжан Мержақыпова қайтыс болардан үш күн бұрын ғана Өскемендегі ана мен бала орталығына  жатқызылған. Алайда келіншек босана алмай көз жұмды дегенге туыстары сенбейді. "Жүктілігі де қалыпты өтті", дейді күйеуі. Айы-күні жеткен келіншек осыған дейін екі перзентін де өзі босаныпты.

"Қабір басында жерлеп болған соң, ант бердім. Мен одан қайтпаймын. Қалған өмірім сотпен өтсе де, жазамын. Тоқетерін білмей тыным таппаймын. Мен де, келіншегімнің аруағы да тыным таппайды. Мен сөйтіп ойлаймын", - дейді марқұмның жұбайы Қанат Мержақыпов.

Айжан жүктіліктің 41-ші аптасында болған. Ол босанар кезде "жанымда бол" деп сіңілісін шақыртыпты. Ол әпкесінің толғақ қысқанда қатты қиналғанын айтады. Тіпті кесір тілігімен босандырсыншы деп дәрігерлерге өтінген.

"Соңғы айтқаны: "мені құтқар, шамаң жетсе, отаға жібергізші, бірдеңе істеңдерші, менің шамам кетіп қалды" деп өзі айтты", - деді марқұмның сіңлісі Әсем Иманқұлова.

Егер дәрігерлер дер кезінде кесір тілігімен босандырғанда аман қалар еді,  дейді жақындары. Олардың сөзінше, қиналған мезетте келіншектің қан қысымы жоғарылап кеткен. Ақыры ана мен бала ота жасап жатқанда көз жұмды.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанға жолға шыққан әйел пойызда босанып қалды

Қара жамылған отбасы олардың ажал құшқанына нақты не себеп болғанын білмей дал. Олар марқұмды жер қойнына тапсырғанымен, мәйітке жасалған сараптама қағазын ала алмай жүр. Ал ақ халаттылар әйел мен шақалақтың өмірін сақтап қалу үшін қаладағы білікті мамандардың барлығы жұмылдырылды дейді.

"Он бесі күні босануға дайындалды. Ал 16-сы күні босану бөлмесіне ауыстырылды. Алайда жағдайы нашарлап кетті. Қан қысымы көтерілді. Су тапшылығы диагнозы қойылды. Қазір сот медициналық сараптамасы тағайындалды", - деп мәлімдеді Өскемен қаласының бас гинекологы Марат Көксегенов.

Сот медициналық сараптамасы шыққан бойда арнайы комиссия құрылып, өлімнің себебін зерттейді. Сонымен қатар дәрігерлерді кінәлаған марқұмның туыстары құзырлы органдарға шағым түсірді. Ал шақалағымен бірге қайтыс болған келіншектің артында екі перзенті қалды.

Жаңалықтар
0