Өңірлер

Павлодар облысында әйел екі қызын 3 күн ас-сусыз қалдырды

© Photo : Fotolia/VkaraПлачущая девочка
Плачущая девочка - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.10.2021
Жазылу
Бірнеше күн бойы анасының қарауынсыз қалған қыздар небәрі 7 және 10 жаста. Олардың сабаққа келмегенін байқаған мектеп мұғалімдері полицияға хабар берген

АЛМАТЫ, 21 қазан – Sputnik. Павлодар облысында ауыл тұрғыны кішкентай екі баласын бірнеше күнге қараусыз қалдырып кеткен. Үй суық, балалардың ішерге ас-суы болмаған.

Бір отбасының екі қызы бірнеше күн бойы себепсіз сабаққа келмегенін мектеп мұғалімдері байқап, полицияға айтқан, деп хабарлады Polisia.kz.

Сол күні ювеналды полиция инспекторлары балалардың тұрғылықты жеріне барды, бірақ үйде ешкім болмаған.

Көршілермен сұхбаттасқан полиция 7 және 10 жастағы екі қыздың анасы балаларын үйде жалғыз қалдырып, белгісіз бағытқа кеткенін анықтады. Сондай-ақ олар үйде азық-түлік болмағанын, пеш жағылмағанын білді.

"Қарны ашқан балалар ағасына хабарласып, анасының жоқ болып кеткенін айтқан", - деді полиция.

Содан кейін туысы дереу келіп, балаларды алып кеткен. Ол полицияға қыздардың анасымен үш күн бойы хабарласуға тырысқанын айтты, бірақ нәтиже болмаған.

"Біз қыздардың анасы қайда екенін білу үшін қажетті жұмысты қолға алдық. Іздеу нәтижесінде әйел Ақсу қаласындағы досының пәтерінен табылды. Ол мас болған", - деп түсіндірді Павлодар облысы Успен ауданының ювеналды полициясының аға инспекторы Дамира Букаева.

Оның айтуынша, 2020 жылдың ақпанында анасы мен қыздары Ақсу қаласында тұрған кезде отбасы ювеналды инспекторлардың назарына ілінген. Ол кезде әйел дәл осылай қыздарды үйде жалғыз қалдырып, жоғалып кеткен.

Кейіннен әкімшілік іс сотқа жіберілді. Әйел балаларын алып қоймауды сұрап, жұмысқа тұрып, енді мұндай әрекетке бармайтынын жеткізген.

Павлодар облысының ювеналды полиция қызметкерлері әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы ("кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және/немесе білім беру, құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау") бойынша екі баласын бірнеше күнге қараусыз қалдырған әйелге қатысты әкімшілік іс жүргізуді бастады.

Жаңалықтар
0