Қоғам

Аймағамбетов 10 жасар баланың өлімі туралы: үлкен трагедия

© Sputnik / Владислав ВодневКарета скорой помощи на дороге столицы
Карета скорой помощи на дороге столицы - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.10.2021
Жазылу
Өткен аптада Түркістанда 5-сынып оқушысы көз жұмды. Әжесінің айтуынша, оны ақша тауып бере алмағаны үшін сотқар сыныптасы мектеп дәретханасында соққыға жыққан

НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Түркістандағы 5-сынып оқушысының өліміне қатысты тергеу шаралары аяқталған жоқ. Бірақ қазірдің өзінде мектепте өрескел тәртіпбұзушылықтар анықталып отыр. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы, менің орынбасарым басқа әріптестерімізбен Түркістан облысына аттанды. Олар барлық мән-жайды біліп, талдау жасап шықты. Қазір тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде сот-медициналық сараптама да бар. Әрине, бұл үлкен трагедия. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады. Біздің мамандар өткізген тексеріс кезінде мектепте оқу жұмысын ұйымдастыру жағынан өте өрескел тәртіпбұзушылықтар анықталды", - деді Аймағамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Министр мектепте нақты қандай тәртіпбұзушылықтардың анықталғанын да айтты.

"Ол жерде балаларды тамақтандыру жұмысынан бастап тәрбие жоспары, мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтар жұмысы, тәрбие және тағы басқа жұмысқа жауапты меңгерушілердің қызметіне қатысты үлкен қателіктер анықталды. Тергеудің нәтижесіне қарамастан, осы тәртіпбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қолданылады", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Қазіргі кезде мектеп директоры жұмысынан уақытша шеттетілді. Министрдің айтуынша, Түркістан облысындағы бірқатар білім беру мекемеде дәл сондай тәртіпбұзушылықтар анықталған.

Оқушының өлімі

Өткен аптада Түркістанда 5-сынып оқушысы көз жұмды. Әжесінің айтуынша, оны ақша тауып бере алмағаны үшін сотқар сыныптасы мектеп дәретханасында соққыға жыққан. Жарақат алған бала бірнеше күн ауырып, ақыры ауруханада көз жұмған.

Баланың жақындары оқушыларға бас-көз болмаған мектеп ұжымы мен дер кезінде көмек бермеген дәрігерлерге наразы.

Әжесі балалар оны дәретхана ішінде ұрғанын айтты. Басынан қатты соққы алып, қан ұйып қалған. Одан кейін тамыры қысылып, бүйрегі ісіп кеткен.

Рамазан оқыған №18 мектеп-гимназияда әлімжеттік көп болады деген әңгіме ата-аналар арасында көп айтылады екен.

Бірақ мектеп директоры оны жоққа шығарды. Тіпті ата-аналармен жиналыс та өткізіпті. Бірақ ол отырыста сыныптағы сотқарлық туралы сөз болған жоқ, деді директор.

Жаңалықтар
0