Қоғам

Сенаторлар білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық білдірді

© AP Photo / Jon SuperШкольники сидят в классе на уроке
Школьники сидят в классе на уроке - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.10.2021
Жазылу
Студенттердің бастамашыл тобы Нұр-Сұлтан қаласындағы университеттерді аралап, олардың күзет сапасын тексеру бойынша эксперимент жүргізген

НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан –  Sputnik. Бір топ сенатор ішкі істер және білім министрлеріне депутаттық сауал жолдап, оқу орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қажетті жұмысты қолға алуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев Ресейдің Қазан және Пермь қалаларында болған қанды оқиғалады еске алып, білім беру ұйымдарының қауіпсіздік мәселесін көтерді. Қазақстанда заң бойынша күзетке арнайы лицензиясы бар фирмалар ғана тартылады. Оларды конкурс негізінде таңдайды. Ал тендер кезінде ең төмен баға ұсынған заңды тұлғалар жеңіске жетіп жатады.   

"Соның нәтижесінде конкурста төменгі бағамен жеңген күзет компаниясы барынша пайда алу мақсатында қарамағындағы күзет қызметкерлерінің жалақысынан үнемдейді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының мектептері мен университеттерінде жұмыс істейтін осындай күзетшілердің ай сайынғы жалақысы 70-100 мың теңгеден аспайды. Оладың мұндай жалақысымен білім беру мекемелерінде оқушылардың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?", - деді Күрішбаев.

Ал жалақы төмен болғаннан кейін күзет қызметінде, көбінесе зейнеткерлер немесе егде жастағы адамдар жұмыс істейді. Олардың көп жағдайда рациясы болмай жатады. Тәртіп бұзған адамдарды ұстауға арналған құрал-жабдықтары да жоқ. Кейбір университетте күзет штаттық қызметкерлерге, яғни вахтерларға жүктеліп отыр. Олардың бәрі арнайы лицензия алмаған.  

"Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйесінің қаншалықты осал екенін көрсету үшін мынандай мысал келтіргім келеді. Студенттердің бастамашыл тобы Нұр-Сұлтан қаласындағы университеттерді аралап, олардың күзет сапасын тексеру бойынша эксперимент жүргізді. Бөтен, яғни бұл жоғары оқу орнында оқымайтын адамдар тексерілген 12 университеттің 10-ына кедергісіз кіріп шыққан. Олардан тіпті ешкім рұқсат құжаттарын да сұрамаған. Бұл – елордалық жоғары оқу орындарындағы жағдай. Ал өңірлерде не болып жатыр?", - деп атап көрсетті Күрішбаев.

Осыған байланысты бір топ сенатор ішкі істер министріне, сондай-ақ білім және ғылым министріне депутаттық сауал жолдап, тиісті шараларды қолға алуды талап етті. Себебі "заңға өзгеріс енгізіп, күзет қызметін ретке келтірдік" деп есеп берсек те, іс жүзінде мәселе түбегейлі шешілмей тұр.

Оқи отырыңыз: Түркістандағы оқушының өлімі: министрлік алдын ала тон пішпеуге кеңес берді

 

Жаңалықтар
0