НҰР-СҰЛТАН, 20 қазан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда салынып жатқан Жылу электр орталығы-3 құрылысы 2023 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Бұл туралы энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте үш жылдық бюджет жобасын талқылау кезінде депутат Дүйсенбай Тұрғанов Нұр-Сұлтан қаласындағы ЖЭО-3 құрылысының жобасына тоқталды.
"Өздеріңізге мәлім, қала халқы орта есеппен 50 мың адамға көбеюде, жыл сайын 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй, сондай-ақ, әлеуметтік сала мен бизнес нысандары пайдалануға беріледі. Сондықтан жылу мен электр энергиясына қажеттілік табиғи түрде артуда. Қазірдің өзінде қалада жылу тапшылығы байқалады. Алдағы үш жылда қажеттілік сағатына 900 гигакалорияға артайын деп тұр", - деді Тұрғанов.
Мәжілісменнің айтуынша, бұл проблеманы шешу үшін 2010 жылы станция құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Алайда жылу тапшылығы өсіп отырған кезде, ЖЭО-3-ті газға ауыстыру, жабдық пен валюта бағамының өзгеруі себебінен жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуге байланысты жобаны іске асыру негізсіз созылып кетті.
"Қаралып отырған бюджетке сәйкес, жобаны іске асыруға 27,9 миллиард теңге бөлінеді. Бұрын бөлінген қаражатты есепке алғанда, сома 112,9 миллиард теңгені құрайды. Қажеті – 122 миллиард теңге, жетіспейтіні – 9 миллиард теңге. Егер ЖЭО-3-ті пайдалануға беру бойынша шұғыл шаралар қолданбаса, қала халқы мен экономикасын жылу энергиясымен қамтамасыз ету жағдайы проблемаларға әкеп соқтыруы мүмкін. Осыған байланысты менің мынадай сұрақтарым бар: жоба үшін қаржы неге толық бөлінбеген және жоба қашан аяқталады?", - деп сұрады депутат.
Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, бұл өте маңызды жоба, 2010 жылдан бері келе жатыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстан АЭС салмаса, экономика мен экологияға залал келеді – сарапшы
"Мұның аяқталу мерзімін 2023 жылға жоспарлап отырмыз. Келесі жылы 25 миллиард теңге бөлінеді, бүгінгі қаралып жатқан бюджетте тиісті қаражат қарастырылған. Ал 2023 жылы әзірше 3,1 миллиард теңге көзделген. 2023 жылдың бюджеті қаралған кезде, тиісті ақша бөлінеді деген үміттеміз. Жетіспейтін қаражат 9 миллиард емес, 7,8 миллиард теңге. Сондықтан бұл мәселе оң шешімін табады деген ойдамын", - деді Мырзағалиев.
Осы кезде мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин үш жылдық бюджетте қаржы неге бөлінбегенін сұрады.
"Біз тиісті өтінім бердік, бірақ қазір бюджет шектеулі болғандықтан, бұл қаражат қарастырылмаған", - деді министр.
"Қағаз дайын емес, жоба дайын емес. Көктемде бюджетке түзету енгізілгенде, бәрі дайын болмаса, онда не істейтініңізді білмеймін. Оныншы жыл емес, тағы он жылға созылатын жоба болады", - деп сынады мәжіліс төрағасы.
Бүгін, 20 қазан мәжіліс 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетті мақұлдады.