Экономика

Кредит қайтаруға жағдай келмесе, не істеу керек - заңға өзгеріс енгізілді

© Photo : pixabay/Andrew Khoroshavinәмиян
әмиян - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.10.2021
Жазылу
Жаңа ережеге сәйкес, жеке тұлғалар кредитті төлей алмаса, мәселені тікелей банкпен немесе микроқаржы ұйымымен шешуге құқылы

НҰР-СҰЛТАН, 20 қазан – Sputnik. Қазақстанда 1 қазаннан бастап проблемалық кредиттерді реттеудің бірыңғай тәртібі енгізілді. Енді банк те, микроқаржы ұйымы да бірден коллекторларға жүгінбейді. Олар қарыз мәселесін алдымен борышкермен өзара шешуге міндетті.

Осы орайда заңға нақты ереже енгізіліп отыр. Sputnik Қазақстан проблемалық кредитті заң аясында реттеудің бірыңғай тәртібін ұсынады.

Банк пен борышкердің міндеті

Жаңа ережеге сәйкес, жеке тұлғалар кредитті төлей алмаса, тікелей банкпен немесе микроқаржы ұйымымен мерзімі өтіп кеткен берешек мәселесін шешуге құқылы. Бірақ әрбір тарап өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындауға тиіс.

Біріншіден, кредит алған адамның мерзімі өтіп кеткен берешегі болса, банк болсын, микроқаржы ұйымы болсын, сол сәттен бастап 20 күннің ішінде оған хабарласып, төлем мерзімін өткізіп алғаны туралы ескертуге міндетті. Қызметкерлер берешек жайында айтып қана қоймай, мерзімі өтіп кеткен төлемнің нақты мөлшерін көрсетуге тиіс.

Қарызды төлемегені үшін қандай жауапкершілік болатыны ескертіледі. Сосын проблемалық кредит мәселесін шешу үшін банкке немесе микроқаржы ұйымына шақырады.

Екіншіден, кредит алған адам өз кезегінде берешектің мерзімі өткен күннен бастап 30 күннің ішінде кредиттік ұйымға қарызды қайта құрылымдау туралы жазбаша өтініш тапсырады. Онда нақты бірнеше мәселені көрсету керек.

Олар:

  • қарыз мерзімін өткізіп алудың себебі;
  • қарызды қайта құрылымдауға қатысты өз ұсыныстары;
  • кірістердің төмендегенін және өз міндеттемелері бойынша төлем жасаудың мүмкін еместігін көрсету (өтінішпен қоса тиісті құжаттар беріледі).

Үшіншіден, қарыз алушының өтініші міндетті түрде қабылдануы шарт. Оны тіркеуге алып, банк немесе микроқаржы ұйымның қарауына шығарады. Өтініште толық мәлімет болмаса, кредит алған адамға хабар беріледі. Ол бес күннің ішінде қосымша мәлімет пен құжатты ұсынады.

Өтінішті қарау тәртібі

Кредитор қарыз алушыдан құжаттардың толық пакетін алғаннан кейін өтінішті қарайды. Оның мәселесін қарау кезінде ағымдағы қаржылық жағдайы мен төлем қабілеттілігі, әлеуметтік жағдайы, кепілге алынған баспананың жалғыз болуы, қарыз бойынша міндеттемелерді адал орындау сияқты факторлар ескеріледі.

Кредит берген мекеме өзінің жауабын күнтізбелік 15 күннің ішінде беруге тиіс. Жауаптың үш нұсқасы бар.

Олар:

  • кредитор қарыз алушы ұсынған банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарына өзгерістерді енгізуге келісім береді;
  • кредитор банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарын өзгертуге қатысты өз ұсыныстарын жасайды;
  • кредитор қарызды қайта құрылымдаудан бас тартуға шешім қабылдайды (жауапта нақты себептері көрсетілуі шарт).

Қарызды қайта құрылымдау қалай жасалады?

Қарызды қайта құрылымдауды бірнеше жолмен жасауға болады. Соны өтініште көрсетуге болады. Банк мен микроқаржы ұйымы да осы әдістердің біреуін ұсына алады.

  • сыйақы мөлшерлемесін төмендету;
  • төлемді кейінге қалдыру;
  • өтеу әдісін өзгерту;
  • қарыз мерзімін ұлғайту;
  • борыш жүктемесін азайту (мерзімі өткен негізгі борыш, сыйақы, айыпақы және төлемдер мен комиссиялардың өзге де түрлері);
  • ипотекаға алынған жылжымайтын мүлікті өздігімен сату немесе кепіл мүлкін кредиторға беру;
  • жылжымайтын мүлікті сатқанда барлық міндеттемені сатып алушыға тапсыру.

Банктің тиісті шешімі шыққаннан бастап күнтізбелік 15 күннің ішінде келісімшартқа өзгеріс енгізіледі.

Екі жақ бір келісімге келмесе...

Қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Арызда банкпен немесе микроқаржы ұйымымен бір шешімге келмеудің нақты себептерін көрсету керек.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өз кезегінде өтініштің негізінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеру жүргізеді. Сол кезде банктің немесе микроқаржы ұйымы қабылдаған шешіміне баға беріледі.

Тексеріс кезінде кредитор халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерлердің кепілге салынған мүлкін өндіріп алу рәсімін бастай алмайды.

Кредит алғанда нені ескеру керек

Мамандар кредит алғанда маңызды бірнеше мәселені ескеру кеңес беріп отыр:

  • кредит алған адамның ай сайынғы төлемі табыстың жартысынан аспауға тиіс;
  • келісімшартқа қол қойғанға дейін мұқият оқып шығу қажет;
  • қарыздың мерзіміне, сыйақы мөлшерлемесіне (тұрақты немесе құбылмалы), жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне, ай сайынғы төлемнің мөлшеріне, сондай-ақ, кредитті төлей алмаған жағдайда қандай міндеттер болатынына бас назар аудару керек;
  • келісімшартта банктің есепшотына түсетін ақшаны өндіріп алу, қарызды коллекторлық агенттікке беру және сотқа жүгіну құқықтары да жазылуы мүмкін.

"Артынан проблема болмас үшін кредит мен микредиттерді рәсімдеуге өте мұқият қараған жөн, бұл ақылға салынған шешім болуға тиіс. Қарызға ақша алатын адам маңызды бір мәселені түсінуі керек. Кредит – ол жауапкершілік. Кез келген кредитті қайтаруға тура келеді", - дейді мамандар.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0