ҚЫЗЫЛОРДА, 18 қазан – Sputnik. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында қоқыс жәшігінен шала туған сәбидің денесі табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Төретам кентінің Жанқожа батыр көшесіндегі көпқабатты үйдің жанындағы қоқыс контейнері жанында жатқан сәбиді аула сыпырушы көрген.
"Қоқыс жинап жүрген аула сыпырушы контейнер маңында жатқан шала туған баланың мәйітін тауып алды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 100-бабы (Жаңа туған баланы анасының өлтiруi) бойынша іс қозғалды", – деді ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігі.
Іс ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бүгін дәл осындай оқиға Шымкент қаласында да тіркелді. Жаңа туған нәрестенің денесі қоқыс жәшігінен табылды, оны да аула тазалаушы тапқан.