АЛМАТЫ, 18 қазан – Sputnik. Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов мас жүргізуші экологиялық бекетте тұрған полицейді қаққаны туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оқиға 18 қазанға қараған түні болған.
"Буран-227" патруль экипажы Қабанбай батыр көшесінде қызметін атқару кезінде қарама-қарсы бағыттағы жолақта келе жатқан Хюндай автокөлігін байқаған. Полиция қызметкерлерінің талабына көлік жүргізушісі мән бермеген, керісінше, олардан жасырына бастады", - деп мәлімдеді Таймерденов.
Содан кейін полиция радиостанция арқылы патруль жасақтарына хабар беріп, көлік деректерін жолдаған.
"Талғар қаласы бағытындағы экологиялық бекетте қызмет етіп тұрған полиция аға лейтенанты Мейіржан Бисембаев құқықбұзушыны тоқтатуға тырысты. Ол тоқтамастан инспекторды қатты жылдамдықпен қағып кетті. Екі аяғы сынып, ішкі мүшелері жарылып, бас сүйегі жабық жарақат алған полиция қызметкері ауруханаға жатқызылды", - деп жазды Алматы полициясының бастығы.
Көлік жүргізушісі ұсталды. Ол 59 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Көлік жүргізу кезінде мас болғаны медициналық тексеру барысында расталды.
Қылмыстық кодекстің 346-бабы ("көлікті басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және/ немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік басқаруы") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Күдікті алты жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.