НҰР-СҰЛТАН, 18 қазан – Sputnik. Жақын арада Нұр-Сұлтанда жаңа ақылы тұрақтар ашылады. Бұл туралы "Астананың көлік тұрағы кеңістігі" ЖШС басшысы Шыңғыс Досыбаев мәлімдеді.
"Біз мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшарты негізінде 10 мың тұрақ орнын іске қосуды жоспарланған болатынбыз. Бүгінде соның 487-сі дайын, бәрін іске қосуға болады. Нұржол бульвары бар. Сосын Сарыарқа ауданында Бөгенбай батыр, Республика мен Сарыарқа даңғылдарында, сондай-ақ, жағалаудың бойында қосымша орындар дайындалды", - деді Досыбаев қоғамдық кеңес отырысында.
Бұдан бөлек, ақылы тұрақтар Алматы ауданының Тәуелсіздік даңғылы, Қажымұқан Мұңайтпасов, Мағжан Жұмабаев мен Бауыржан Момышұлы көшелерінде, Байқоңыр ауданының "Астаналык" (бұрынғы "Артем"), "Шапағат" мен "Әсем" базарлары маңайында, Есіл ауданының Сығанақ, Сарайшық, Тұран мен Мәңгілік ел даңғылында ашылады.
Қоғамдық кеңес мүшелері мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандардың жанында ақылы тұрақтарды орнатпауға ұсыныс жасады.
Айта кетері, астанадағы ақылы тұрақтардың қазіргі тарифі сағатына 100 теңгені құрайды.