НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан – Sputnik. Премьер-министр Асқар Мамин орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Азық-түлік қаншалықты қымбаттады
Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,2% өсті. Бұған қырыққабат бағасының 3,5%-ға және жұмыртқаның 1,6%-ға қымбаттауы әсер етті.
Қырыққабат бағасы ең көп Алматы қаласында (19,3%), Ақтөбе (7,4%) және Түркістан (6,7%) облыстарында қымбаттаған. Атырау облысында жұмыртқа бағасы айтарлықтай өсті (27%).
Билік қандай шара көріп жатыр
"Айналым схемасы" шеңберінде өңірлерде 273,6 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауар сатып алынды. Өткен аптада жұмыртқа (+70,6 миллион дана), картоп (+17,4 мың тонна), сәбіз (+7,2 мың тонна), пияз (+4,7 мың тонна), қырыққабат (+4,8 мың тонна) және тағы басқа өнімдерді сатып алу ұлғайтылды.
Өткен аптада бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нан, жұмыртқа және ұн өндірушілеріне баға өсуі мүмкін екендігін жария мәлімдегені үшін 4 ескерту жасады.
Нұр-Сұлтан қаласында, Түркістан және Маңғыстау облыстарында 18 тауар позициясы бойынша сауда үстемесін көтерудің 7 фактісі анықталды.
Түрлі бағаларды қолдану белгісі бойынша хабарламаны орындамауына байланысты "Тараз қант зауыты" ЖШС-ға қатысты тергеу тағайындалды.
Бүгінгі күні өндірушілермен және ірі супермаркеттермен баға мен сауда үстемесін төмендету туралы, оның ішінде республикалық ірі сауда желілерімен ӘМАТ-қа сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы, сондай-ақ Қазақстанның жұмыртқа өндірушілер қауымдастығына кіретін Қазақстанның 14 құс фабрикасымен 108 монополияға қарсы комплаенс актісі жасалды.
Премьер-министр өңірлердің әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру жұмысының тиімділігін арттыруды тапсырды.
Оқи отырыңыз: Азық-түлік қымбаттады: Үкіметте баға өсімін тежеу мәселесі талқыланды