НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан — Sputnik. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өзінің қарамағындағы қызметкер - Орал әкімдігі құрылыс бөлімінің жетекшісі Арман Өксікбаевтың ұсталуына қатысты ойын білдірді.
Есқалиевтің айтуынша, жемқорларға қатысты қатаң шара қолданылуы керек.
"Жақында мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй салып жатқан кәсіпкерден қала әкімдігінің қызметкері ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталды. Құрылыс материалдары мен қызмет көрсету жұмыстарына баға өсіп жатыр. Біз осы кезде адал жұмыс істейтін құрылыс компанияларымен бірге нысанды уақытында және сапалы аяқтау үшін қосымша қаражат іздеудеміз", - деп жазды ол өзінің Facebook парақшасында.
Әкім мемлекеттік жобалармен жұмыс істейтіндерге ескерту жасады.
"Заңсыз ұсыныстарға беріліп, бопсалауға түспеңіз. Мен ешкімге заңсыз нұсқау бермеймін және оны орынбасарларым мен әкімдерден талап етемін. Егер мұндай фактілер болса, менің жеке WhatsApp нөміріме +77017776037 "Сыбайлас жемқорлық" деп белгілеп хабарлауды өтінемін", - деп жазды өңір жетекшісі.
Есқалиев тергеу барысын және кінәлі тұлғалардың заң бойынша жауап беруін қадағалайтынын жеткізді.
Еске сала кетері, сыбайлас жемқорлықпен күрес ведомствосы Оралдағы құрылыс бөлімінің басшысы тағы бір адаммен бірге бір жыл бойы пара алды деген күдікке ілінгенін жариялады. Олар ЖШС директорынан 134 миллион теңге пара алды, жалпы сома 170 миллион теңге шамасында делінген.
Бұл Оралда "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жалпы сомасы 2,2 миллиард теңге болатын екі тоғыз қабатты үйдің құрылысы кезінде жүзеге асырылған.