НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі медицина қызметкерлерінің орташа жалақысын есептеу тәртібіне өзгеріс енгізуге арналған бұйрық әзірледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қызметкердің орташа жалақысын есептеу үшін орташа күндік (сағаттық) жалақы жұмыс күндері (жұмыс сағаты) санына көбейтіледі. Бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы ескеріледі", деп жазылған құжатта.
Ал жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде қызметкердің орташа жалақысы орташа сағаттық жалақыны орташа жылдық жұмыс сағаттары санына көбейту жолымен есептеледі (Бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасындағы жұмыс уақытының балансына қарай)
Бұйрықтың қосымшасына орташа жалақыны есептеу кезінде ескерілмейтін төлемдер де көрсетілген. Олар:
- жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігі үшін өтемақы;
- еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы, сондай-ақ жұмыс беруші белгілейтін әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне қосымша төлемдер;
- жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру кезінде қызметкерлерге төленетін сауықтыруға арналған жәрдемақы;
- қызметтік іссапарға жіберілетін қызметкерлерге берілетін өтемақы;
- тұрақты жұмысы жолда өтетін немесе жүріп-тұру сипатында не қызмет көрсететін учаскелері шегінде қызметтік сапарлармен байланысты болған жағдайларда берілетін өтемақы төлемдері;
- дала жұмыстарымен айналысатын қызметкерлерге берілетін далалық жабдықталым;
- қызметкерді жұмыс берушімен бірге басқа жерге жұмысқа ауыстыру немесе көшіру кезіндегі өтемақы төлемі;
- қызметкердің (жеке тұлғаның) жеке мүлкін тараптардың келісімі негізінде жұмыс берушінің мүдделері үшін пайдаланған кездегі шығыстарды өтеу;
- Еңбек кодексіне сәйкес берілген сүттің және (немесе) диеталық (емдік және профилактикалық) тамақтануға арналған арнайы өнімдер, арнайы киімнің және басқа да жеке қорғану құралдарының құны;
- қызметкер еңбек міндеттерін атқару кезінде оның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша төлемдер (жоғалтқан жалақысы бөлігіндегі төлемдерден басқа);
- қызметкерлерге жұмыс беруші (бала туған кезде, дәрігерлік қызметтің ақысын төлеу үшін, жерлеуге және басқа да жағдайларда) көрсететін материалдық көмек (ақшалай жәрдемақы), сондай-ақ жұмыс берушінің қаражаты есебінен ұжымдық шартта және (немесе) жұмыс берушінің актісінде қосымша көзделген өтемақылар мен әлеуметтік кепілдіктер төлемдері;
- біржолғы көтермелеу төлемдері (біржолғы ақшалай сыйақыларды қоса алғанда);
- Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушінің кінәсінен жалақы төлемдері кешіктірілген кезде және "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылдың 5 шілдесіндегі ҚР кодексіне сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы аудармағаны үшін жұмыс берушінің қызметкерге төлейтін өсімақылары;
- қызметкерлерді оқытуға және біліктілігін арттыруға байланысты жұмыс берушінің шығыстары;
- спорттық байқауларда, конкурстар мен жарыстарда жүлделі орындар үшін берілетін ақшалай наградалар;
- Еңбек кодексінің 124-бабына сәйкес қызметкерге мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді орындайтын жері бойынша төленген жалақы;
- Еңбек кодексінің 72-бабына сәйкес қызметкерлерге күнделікті жұмысын (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлу кезіндегі жұмысы үшін өтемақы төлемдері;
- үйде жұмыс істейтін қызметкерлерге төленетін өтемақы төлемдері;
- Еңбек кодексінің 82-бабына сәйкес баланы (балаларды) тамақтандыруға арналған үзілістер уақыты үшін сақталған орташа жалақы жатады;
- Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес бос тұрып қалу жағдайында жұмыскерлерге төленген сомалар.