Өңірлер

"Қорқып өлетін болдық": Тараз түбінде бір күнде 400 килограмм оқ-дәрі жойылды

CC0 / pixabay.com / Взрыв боеприпасов, иллюстративное фото
Взрыв боеприпасов, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.10.2021
Жазылу
Әскери бөлімге тиіп тұрған Қайнар ауылының тұрғындары дүмпуден әбден мезі болғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан – Sputnik. Жамбыл облысының Байзақ ауданында бір күнде 400 килограмм оқ-дәрі жойылды. Бұл туралы "Хабар 24" хабарлады.  

Тамызда жарылыс болған әскери бөлімдегі оқ-дәрілерді жою жұмыстары бір ай бойы жүргізіледі. Ол үшін таудың ішінде қоймадан 12 шақырымдай жерде арнайы жер белгіленген.  

Бір күнде 6 рет жарылыс жасалып, 400 килограмдай оқ-дәрі шығарылып жойылған. Әскерилер қауіпсіздік шараларың қатаң бақылауда деп сендіріп отыр. Тұрғындарға жарылыс болатындығы жөнінде ескерттік дейді. Алайда әскери бөлімге тиіп тұрған Қайнар ауылының тұрғындары дүмпуден әбден мезі болған. 

"Ататынын атып, жаратынын жарып тезірек бітсе екен. Шыны керек, қорқып-қорқып өлетін болдық. Мезі қылды, әбден шаршап кеттік. Осы соңғысы болса екен, бұдан кейін бұлай болмасын", - дейді Қайнар ауылының тұрғыны Гүлзира Жамбылова.

"Айтпай жарылғаннан, күтіп отырған жарылыс дұрыс екен. Сендер көрген жоқсыңдар ғой.  Аймақтағы жарылыстың барлығын аяқталып, елде тыныш өмір болса екен", - дейді тағы бір ауыл тұрғыны Ғазиз Жартыбаев.

Әскерилер тәулігіне 500 келіден артық жарылғыш заттарды жармаймыз деп отыр. Одан асса, төңіректегі елді мекендерге қауіп төнуі мүмкін.

"Күніне 3-4 жарылыстан жүргізіледі. Ол жерігілікті әкімдікпен келісілген. 400 келіні бүгін бірден жарған жоқпыз. Оны бөліп-бөліп жарамыз. Мен күндік норманы айтып отырмын. Бүгінге бір жарылыс қалды. Сонымен болды. Ертең жалғастырамыз", - деп түсіндірді әскери бөлімінің командирі Еркін Әбсадықов.

Оқи отырыңыз: Тараз маңында тағы жарылыс болды – министрлік түсініктемесі 

"Төңіректе жақын орналасқан шаруа қожалықтарға және елді мекендерге, бәріне хабарланды. Жалпы жарылыстар ешқандай фермерлік шаруаларға, олардың ғимараттарына, ауылдарға ешқандай қауіп төндіріп тұрған жоқ", - дейді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл.

Жару жұмыстарына инженерлік-саперлік мамандардан 20 шақты адам жұмылдырылған. Қазір тек жарылған қоймадағы қалдықты заттар ғана жойылып жатыр. Өзгелеріне тимейміз дейді әскери бөлім командирі. Қоймада қанша жарылғыш зат қалғаны белгісіз. Әскерилер енді мұнда мүлдем жарылыс болмайды деп те сенімді айта алмай отыр. Ал жоспарлы жару жұмыстары дүйсенбі мен жұма күндері аралығында жүргізіледі. Бұл жұмыстар 13 қарашаға дейін жалғаспақ.

Жаңалықтар
0