НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Сенатор Нұртөре Жүсіп электр самокаттарды пайдалану ережесін заңмен бекітуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазір Қазақстанның кез келген үлкен қалаларының барлығында зырылдаған самокаттарды көресіз. Жаяу жүргіншілер жолының кез келген жағынан сопаң етіп шыға келеді. Қазіргі кезде осы электр самокаттар мен гидроскутерлер азаматтардың өміріне айтарлықтай қауіп төндіретіндей жағдайға жетті", - деді Жүсіп сенаттың жалпы отырысында.
Сенатордың мәліметіне сәйкес, биыл 8 айдың ішінде электр самокаттардың қатысуымен 387 жағдай тіркелген. 25 адам қайтыс болып, 411 адам жарақат алды.
"Жол жүрісі туралы заңның 64-бабына сәйкес, осы құрылғылар уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Сонда қалай болғаны? Жылдамдығы автокөлік жылдамдығымен пара-пар, кейде сағатына 60 шақырымнан асатын электросамокаттар ешқандай көлік санатына жатпай ма? Қазіргі уақытта нормативтік актілерде осы типтегі құрылғылардың жіктеуі жоқ", - деп атап көрсетті Жүсіп.
Осы орайда Кеден одағының доңғалақты көлік қауіпсіздігі туралы техникалық регламентіне тоқталды. Оған сәйкес, жалпы ортақ жолдарда жүретін кез келген көлік жақын және алыс шамдармен, жарық қайтарғыштармен, бұрылыс көрсеткішімен, габаритті шаммен, тежегіш сигналмен, спидометрмен және бүйір айналарымен жабдықталуы тиіс.
"Бізде бұның біреуі де жоқ. Бұл қалай? Аталған құрылғылардың тиісті жіктеу және техникалық талаптардың болмауы оларды басқаратын адамдардың құқығы мен міндетін заңнамалық бекітуге, сондай-ақ, техникалық реттеудің қажетті әдісін, нарықтағы айналым немесе пайдалану қағидасын, қауіпсіздік талабын, сәйкестікті бағалау рәсімін, таңбалаудың бірыңғай талабын белгілеуге мүмкіндік бермей отыр", - дейді Жүсіп.
Осыған байланысты сенатор үкіметке депутаттық сауал жолдап, электр самокаттарды әкелу және қауіпсіз пайдалану тәртібін реттеуді талап етті.