НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ елдерін үшінші елдермен ынтымақтастық бойынша келіссөздерді жеделдетуге шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент ЕАЭО-ның үшінші елдермен және одақтармен ынтымақтастығы "өте маңызды" екенін атап өтті.
"Израиль, Египет, Үндістанмен еркін сауда жайлы келісім бекіту бойынша келіссөз бес-алты жыл жалғасып келеді. Ал Моңғолия мен Индонезия нарықтарының зерделенгеніне екі жылдан асты. Комиссия басқа елдермен сауда ынтымақтастығы туралы ұсыныстар әзірлеп, келіссөз процесін тездете алады деген ойдамын", - деді Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында.
Мемлекет басшысы бұл жұмыс пандемияға байланысты баяулап қалғанын, бірақ осы қиын жағдайдан біртіндеп шыға отырып, келіссөз процесін жылдамдатуға болатынын атап өтті.
Бүгін, 14 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Шара онлайн форматта ұйымдастырылды.
Президенттер Еуразиялық экономикалық одақ жұмысының өзекті мәселелері және ЕАЭК-ке мүше елдердің экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамытуды талқылады.
Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан бері жұмыс істейді. Одаққа Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь және Қырғызстан мүше.