НҰР-СҰЛТАН, 13 қазан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев он ұлттық жоба бекітті, деп хабарлайды Ақорда.
"Үкімет заңнамада белгіленген тәртіппен ұлттық жобаларды бекітсін. Осы жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын", - делінген құжат мәтінінде.
Жарлықтың орындалуын бақылау президент әкімшілігіне жүктелді. Құжат қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық жобалар тізбесі
- "Дені сау ұлт" әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасы.
- "Білімді ұлт" сапалы білім беру" ұлттық жобасы.
- "Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасы.
- "Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс" ұлттық жобасы.
- Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба.
- "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы.
- "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу" ұлттық жобасы.
- "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасы.
- Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба.
- "Қауіпсіз ел" ұлттық жобасы.
Кеше, 12 қазанда үкімет мемлекеттік органдар әзірлеген ұлттық даму жобаларын қараған болатын. Мемлекет басшысы 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі жолдауында мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшу туралы тапсырма берді. Ұлттық жобалар Жалпыұлттық басымдықтарды, Ұлттық даму жоспарын және Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін әзірленді.
Ұлттық жобалардың басым міндеттері - экономика тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.
Премьер-министр ұлттық жобаларды бюджет қаражаты мен жеке инвестиция есебінен қаржыландыру көзделгенін айтты.
Ұлттық жобаларды қаржыландыруға 49 триллион теңге жұмсау жоспарланған. Оның 33 триллионы, яғни 67%-і - жеке инвестиция.