АЛМАТЫ, 12 қазан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес жанындағы ғұламалар кеңесінің басшысы лауазымына ұсынды.
12 қазанда астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтіп жатыр.
Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллиннің айтуынша, сейсенбіде елдер кеңес жанындағы консультативтік-кеңесші орган – Ғұламалар кеңесі туралы ережені қабылдауға тиіс.
"Мүше мемлекеттер ғұламалар кеңесін құруды қолдады және үміткерлерді ұсына бастады. Бүгін біз ғұламалар кеңесі туралы ереже бекітеміз. Таңертең бізбен кездесу барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құрылтайшысы Нұрсұлтан Назарбаевты ғұламалар кеңесінің басшысы қызметіне ұсынды, сіздер бұл кандидатураны бекітесіздер деп үміттенемін", - деді Рахметуллин кездесуге қатысушыларға.
Азиядағы өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес
Айта кетері, 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 5 саммитіне қатысты. Сол жиында Ғұламалар кеңесін құру мәселесін жан-жақты зерттеу маңызды екенін айтты.
"Тұрақты жұмыс істейтін диалогты платформаны қайта құру арқылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің талдау орталықтарының әлеуетін арттырған жөн. Кеңестің жұмыс органдарына арналған ұсыныстарды жандандыруға мүмкіндік беретін Ғұламалар кеңесін құру мәселесін уақытылы әрі жан-жақты зерттеу керек деп есептейміз", – деді Қазақстан президенті.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру идеясын алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы қазанда өткен БҰҰ-ның Бас ассамблеясының 47-сессиясында ұсынды. Кеңес Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету арқылы ынтымақтастықты нығайтуды мақсат етеді.