НҰР-СҰЛТАН, 12 қазан – Sputnik. Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 3,4%-ке дейін өсті. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Биыл қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан экономикасының өсу көрсеткіші 3,4%-ке дейін жеделдеді. Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша қызмет көрсету секторында динамиканың жандануы, нақты секторда өсу қарқынының сақталуы, сауда балансының оң сальдосының нығаюы, өндіруші емес секторларда жоғары инвестициялық белсенділік байқалуда", - деді министр үкімет отырысында.
Айтуынша, тоғыз айда нақты сектордағы өсім 3,5%-ті құрады. Қызмет көрсету секторында іскерлік белсенділік 2,9%-ке дейін өсті.
Салалар арасында ақпарат және байланыс, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсеткен. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында да оң өсім байқалып отыр.
Ерғалиев қаңтар-тамызда сыртқы сауда тауар айналымы 62,8 миллиард долларды құрағанын атап өтті. Оның ішінде экспорт – 37,5 миллиард доллар. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 23,2%-ке өсіп, 12,1 миллиард долларға дейін жетті.
Тауарлар импорты 25,4 миллиард долларды құрады.
Жалпы оң сауда балансы өткен айға қарағанда 1,7 миллиард долларға өсіп, 12,1 миллиард долларды құрады, деді министр.