НҰР-СҰЛТАН, 12 қазан – Sputnik. Елорда әкімінің орынбасары Асхат Оралов қарбалас кезінде автобустарда арақашықтық неге сақталмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазір әрбір қоғамдық көлікте тиісті ақпарат бейнебаян ретінде, аудио ретінде беріліп отыр. Біз елорда тұрғындарын шектеу шараларын сақтауға шақырамыз. Бірақ ол адамның өзінің сана-сезіміне де байланысты ғой. Сондықтан әрбір елорда тұрғыны мен қала қонағы қоғамдық көлікке мінгенде өздері тәртіп сақтауы керек. Бауыржан Момышұлы ағамыздың "Тәртіпке бағынған құл болмайды" деген керемет бір сөзі бар ғой. Сондықтан тәртіп сақтайық, бәрі өзімізге байланысты", - деді Оралов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, автобустар саны жеткілікті. Осы орайда тілшілер әкім орынбасарынан қоғамдық көліктегі жағдайды қадағалау үшін соңғы рет автобусқа қай кезде мінгенін сұрады. Бірақ Оралов нақты жауап бере алмады.
"Бұл жеке сұрақ қой. Біз қажеттелік болғанда, әрине мінеміз. Қазіргі кезде әрбір қоғамдық көлікте қажетті ақпарат бар", - дейді Оралов.
Ал қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қоғамдық көлікте карантиндік шараларға, соның ішінде, арақашықтық мәселесіне бақылау жүргізілмейтінін ашық айтты.
"Бірақ біз түсіндіру жұмысын жүргізіп отырамыз. Әрбір автобуста арнайы роликтер қосылады. Аудио хабарламалар да бар", - деп атап көрсетті Бейсенова.