Білім

Бірінші сынып оқушылары үшін жаңа пән енгізіледі

© Sputnik / Абзал Калиевоқулықтар, иллюстрациялық фото
оқулықтар, иллюстрациялық фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.10.2021
Жазылу
Сонымен қатар 4 және 5-11 сыныптарға арналған кейбір пәндер бойынша оқу бағдарламалары қайта қаралды

НҰР-СҰЛТАН, 12 қазан – Sputnik. Үшінші тоқсанда бірінші сынып оқушылары үшін мектепте жаңа пән енгізіледі, деп хабарлады білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі. 

2022 жылдың қаңтар айынан бастап бірінші сынып оқушылары цифрлық сауатын ашады. Үшінші тоқсанда оқу бағдарламасына алғаш рет "Цифрлық сауаттылық" пәні енгізіледі.

Бұған дейін оқушылар үшінші сыныптан бастап "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" пәнін оқыған болатын.

"Оқу бағдарламасы сұраныс пен уақыт талаптарына сәйкес болуға тиіс. Бүгінгі күні цифрлық әлемнің қарқынды дамып жатқанын көріп отырмыз. Қазір смартфондар мен компьютерлерді мектепке дейінгі жастағы балалар пайдаланып жатады. Цифрлық сауаттылық – оқу мен жазу сияқты негізгі дағдылардың біріне айналып келеді", – дейді мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Оның айтуынша, сондықтан балаларды цифрлық сауаттылық және ақпараттық қауіпсіздік негіздеріне мүмкіндігінше ертерек үйрету маңызды. Комитет төрайымы жаңа пәнді оқыту барысында балалардың жас ерекшелігі ескерілетінін атап өтті.

Сонымен қатар 4-сыныпқа арналған "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" және 5-11 сыныптарға арналған "Информатика" пәндері бойынша оқу бағдарламалары қайта қаралды.

Жаңашылдықтар балалардың ақпараттық технологиялар саласында сапалы білім алуына бағытталған.

Мектеп бағдарламасы шеңберінде ең танымал Python бағдарламалау тілі оқытылады. Сондай-ақ 5-9 сынып оқушылары 3D-модельдеу мен 3D-принтинг бойынша білім алады.

10-11 сыныптардағы "Информатика" пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасы IT-саласының заманауи даму үрдістерін ескере отырып әзірленген. Оқыту бағдарламасында IT-STARTUP, виртуалды және толықтырылған шынайылық, жасанды интеллект, мобильді қосымшаларды әзірлеу, BigData және тағы басқа тақырыптар бар.

Сондай-ақ барлық сыныптың оқу бағдарламаларына интернет желісіндегі қауіпсіздік ережелері, авторлық құқық туралы тақырыптар енгізілген.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0