АЛМАТЫ, 11 қазан – Sputnik. Мәриям Думан есімді тағы бір қазақстандық "Түркия дауысында" (O Ses Türkiye) бақ сынап, қазылар алқасының көңілінен шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әннің алғашқы секундынан-ақ қазылар алқасы қазақстандықтың өнеріне тәнті болды. Теріс қарап отырған төрт жетекші бірінен соң бірі сахнаға бұрылды.
Содан кейін қазылар алқасы Мәриям Думаннан тағы бір ән салып беруін сұрады. Ол түрік тілінде "Yangin Var" әнін орындады. Төрт тәлімгер де өнеріне тәнті екенін айтып, таңдау жасауды қазақстандыққа қалдырды.
"Мен Қазақстанда жүрген кезде бір әдемі әнді тыңдадым. Ол әннің орындаушысы кім екенін білгім келді. Сол адам осы жерде қазылар алқасының қатарында бар екінін білдім. Ол әннің аты – Can kenarim. Бұл әнді 2-4 сағат бойы тыңдай беретінмін, әніңіз өте әдемі. "Түркия дауысына" Мұрат Боздың командасында болу үшін келдім", - деді Мәриям Думан.
Айта кетері, Мәриям Думан Қазақстанда Superstar KZ телевизиялық шоуының төртінші маусымына қатысып, финалға жеткен.
Содан бастап таныла бастады. Содан кейін X-Factor жобасында бақ сынады.
Мәриям Думанның 3 баласы бар.
Бұған дейін қазақстандық Аяна және Диана Тайбекова "Түркия дауысы" жобасына қатысып, қазылар алқасының көңілінен шыққан еді. Олар Jessie J-дің Price Tag әнін орындады.