Өңірлер

Петропавлда әйелін атып өлтіріп, немересін жаралаған ер адамға қатысты үкім шықты

© Photo : pixabay/Jason Gillman Ружье
Ружье - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.10.2021
Жазылу
Сот қаскөйді 23 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар "Тимирязев мергені" жәбірленушілерге 13 миллион теңге өтемақы төлеуі керек

ПЕТРОПАВЛОВ, 11 қазан — Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "Тимирязев мергені" ісі бойынша сот үкімі шықты. Ер адам осы жылдың мамырында әйелін атып өлтіріп, оның қызы мен немересіне де қару кезенген болатын. Кісі өлтіруші енді өмірінің 23 жылын қауіпсіздігі жоғары түрмеде өткізеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Соңғы туған күн

Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Сергей Викторенко үкімнің сипаттама бөлігінде осы жылдың 10 мамырында Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы Тимирязево аулында 58 жастағы Юрий Глушков өзінің он жылға уақыт бірге тұрған әйелі Ольга Глушковамен бірге үйде ішімдік ішкені айтылған. Олар Глушкованың 59 жасқа толған туған күнін тойлап отырған.

Мерекелік дастарқанның соңы дауға ұласып, Ольга күйеуінен кететінін айтқан. Ал Глушков әйелін жібермей қойған соң, ол өз балаларына қоңырау шалған. Әйелдің балалары келіп, оны алып кеткен, ол үшін әйелдің ұлы металл швабраны қолданған.

Әйелі мен балалары қызының үйіне таксимен кетіп қалған соң, Глушков таяқ жегеніне ашуланып, оларды өлтіруге бекінген. Ол үйде заңсыз сақталған аңшы қаруы мен қорамсақты, оптикалық көздеуіші бар пневматикалық тапаншаны алып, әйелі тоқтаған үйге барған.

Ол үйге кіргенде ас бөлмесіндегі әйелін көріп, оның басынан оқ атқан. Әйел жерге құлаған. Сол кезде реніші басылмаған Глушков жұбайының кеуде тұсына тағы бір рет оқ атқан.

Содан кейін Глушков үйден әйелінің ұл-қыздарын іздей бастаған. Олар бұл кезде дүкен аралап жүрген. Бірақ дәл сол сәтте Ольга Глушкованың немерелері – 13 жастағы Кристина мен екі жасар Наташа үйде болған.

Глушков өздерімен бірге сегіз жыл бойы бірге тұрған Кристинаға қару кезенген. Жасөспірім өзіне туған атасындай болған адамнан оқ атпауды сұраған. Бірақ оның сөзіне құлақ аспаған Глушков бәрібір Кристинаның басына оқ атқан.

Кристина басын қолымен бүркемелеп қалғандықтан аман қалады. Алайда құлап, есін жоғалтқан. Оны да өлді деп ойлаған Глушков оқ-дәрісі таусылған соң үйден шығып, көліктен оптикалық көздеуіші бар пневматикалық тапаншаны алып шыққан. Үйге қайта оралғанда, Глушков Кристинаның есін жиып, қолына телефон алғанын көреді де, телефонды тартып алып, жеткіншектің басына пневматикалық тапаншадан оқ атқан. Кристина тағы да есінен танып қалған.

Дәрігерлер Кристинаның аман қалуын нағыз ғажайыпқа теңеп отыр. Ол ұзақ уақыт бойы ауруханада жатты және оған әлі де бірнеше рет ота жасалады.

Күрекпен құлатты

Көз жұмған әйелдің қызы Виктория Лейман "Тимирязев мергенінің" кезекті құрбанына айнала жаздады. Ол үйге кірген кезде диванда қару ұстап отырған Глушковты, жылап отырған кішкентай Наташаны және анасының мәйітін көрген. Ал Глушков Викторияны көре сала пневматикалық тапаншадан оқ атқан. Ол далаға қашып шығып, көршілердің үйіне кіріп кеткен. Глушков оның артынан қуып, оқ атуын тоқтатпаған.

Осы сәтте Викторияның ағасы Юрий Шветов келіп қалған. Ол қолына күрек алып, Глушковты басынан бірнеше рет ұрғанда ғана қылмыскер есінен танып құлаған.

Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады. Ол болған жағдай еміс-еміс есінде екенін айтып, Кристинаға абайсызда оқ атқанын, ал Викторияны қорқыту үшін қару кезенгенін айтқанмен, тергеу мен сот оның уәждеріне сенбеді.

23 жыл абақтыда өтеді

Үкімнің резолюция бөлігін оқыған судья сотталушының кінәсі жәбірленушілерден, куәгерлерден алған жауаптармен, оқиға орнын тексеру хаттамасымен және сарапшылардың қорытындыларымен расталып отырғанын айтты.

Сот қылмыскердің қылмысын ауырлататын жағдай ретінде мас болып қылмыс жасау, қару қолдануды атады. Ал сотталушының 2 миллион теңге көлемінде мүліктік шығынды ерікті түрде өтеуін жеңілдететін жағдай ретінде қарастырды.

"Сот Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі (Кісі өлтіру), 24-баптың 3-бөлігі, 99-баптың 3-бөлігі (Кәмелет жасына толмаған адамды өлтіруге ұмтылу) бойынша Глушков Юрий Александровичті кінәлі деп танып, оны педагогикалық қызмет және кәмелет жасына толмаған адамдармен байланысты қызмет атқаруға тыйым салу арқылы 23 жыл бас бостандығынан айыру және 10 жыл жаза мерзімін қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесінде өтеу туралы үкім шығарды", - деді Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Сергей Викторенко.

Сонымен қатар сот тегіс ұңғылы атыс қаруы және пневматикалық тапаншаны мемлекет пайдасына тәркілеу туралы қаулы қабылдады.

Жәбірленушілер соттан моральдік шығынды өтеу бойынша талапты қанағаттандыруды сұрады. Олар Кристина үшін – 10 миллион теңге, Виктория Лейман және оның ағасы Юрий Шветов үшін – әрқайсысына 9 миллион теңгеден өтемақы талап етті. Алайда сот Глушков Юрий Шветовке 5 миллион теңге, Кристина Шветоваға 7 миллион теңге, Виктория Лейманға 1 миллион теңге өтемақы төлеу туралы шешім шығарды.

Үйдегі қару қауіпті

Жәбірленушілердің қорғаушысы Төлеген Кашенов Sputnik Қазақстанға жәбірленушілердің моральдік шығын көлеміне қанағаттанбай отырғанын айтты.

"Негізінен бұл Виктория Лейманға қатысты. Себебі оған бәрінен де көп моральдік зақым келді. Ол анасынан айырылды, қызы үшін уайымдады, өзі жараланды. Оның денесінде пневматикалық тапаншадан атылған оқ қалып қойды. Дәрігерлер оны алып тастауға тыйым салып отыр. Сарапшы денсаулыққа жеңіл зақым келгенін мойындағанмен, бұл оқ жұлынға тым жақын жерде тұр. Ол кез келген уақытта орнынан жылжып, жұлынға зақым келтіруі мүмкін. Сонымен қатар ол әлі алдағы уақытта Кристинамен бірге өте ауыр емдеу кезеңінен өтуі керек", - дейді Төлеген Кашенов.

Қыздың денесінде де бытыралар қалып қойды. Бір бытыра бассүйекте тұр, оны алып тастау мүмкін емес. Бытыра жеткіншектің денесінде, қолында да бар. Қазір ағза оларды сыртқа шығарып жатыр. Сондықтан кезекті операция жасалып, бытыраны алып тастауда. Алдағы уақытта Кристинаға пластикалық ота жасау қажет болады.

"Кристина өте ақылды, байсалды қыз. Ол сыныбында староста болған. Адамдармен тез тіл табысады. Бұл оқиға оған қатты әсер етті. Ол болашақта прокурор болып, осы тектес қылмыстармен күресемін деп ниеттеніп отыр", - дейді адвокат.

Ол мұндай қайғылы оқиғаларға ішімдік ішу себеп екенін айтты.

"Адамдар ішімдік ішеді де, есін жоғалтады, солай қылмысқа барады. Ал ертесіне не болғанын білмейді де, бірақ уақытты кері қайтара алмайсың. Болар іс болып қойды. Сондықтан үйде тұрған қарудан бір күні оқ атылатыны анық. Сондықтан оны сақтаудың еш қажеті жоқ", - деп түйіндеді қорғаушы Төлеген Кашенов.

Қылмыскердің қаруы заңсыз сақталуына байланысты оған әкімшілік жаза кесілді.

Жаңалықтар
0