Өңірлер

Жауған қарды видеоға түсірген баянауылдық апа шенеуніктерден кешірім сұрады

© Sputnik / Константин Чалабов / Медиабанкке өтуАрхивное фото пожилой женщины
Архивное фото пожилой женщины - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.10.2021
Жазылу
Желі қолданушылары әкімдік қызметкерінің әйелге не үшін кешірім сұратқанын түсінбей әлек, оқиға қызу талқыланып жатыр

АЛМАТЫ, 8 қазан – Sputnik. Павлодар облысы Баянауыл ауданының тұрғыны әлеуметтік желіде жарияланған видеосы үшін кешірім сұрады. Ол жерде әйел қар жауып жатқанын айтты.

"2021 жылдың 6 қазаны. Міне, ақпан мен қаңтар сияқты екі метрге дейін есіктің алдын қар үйіп тастаған. Кешеден бері осындай қарлы боран, біреуді біреу көрмейді. Есігіміз ашылмай жатыр, үйден шыға алмай жатырмыз. Баянауыл, Егіндібұлақ елді мекені", - дейді ол видеода.

Алайда Instagram желісінде @tipavlo парақшасы тағы бір видео жариялады. Ол жерде апа жауған қарды видеоға түсіргені үшін кешірім сұраған.

"Әйел Баянауыл ауданы Егіндібұлақ ауылында қар жауғаны туралы видео түсірген. Қандай да бір шағым айтпаған. Осыдан кейін әкімдік қызметкерлері сол әрекеті үшін кешірім сұратқан", - делінген видео сипаттамасында.

Тұрғын видеоны әлеуметтік желіде жарияламағанын, туыстарына жібергенін айтты.

"Бұл видеоны өзімнің туыстарыма жібергенмін, кімнің желіге салғанын білмеймін. Құдай сақтасын, менде ешқандай шағым жоқ. "Павлодарда қар жоқ" деген соң қайныма жібергенмін, таратып жіберген ғой. Шағым жасайтын адам емеспін", - дейді әйел.

Ал әкімдік қызметкері "Беталды видео салмаңыздар. Осындай болып шыға келеді" дейді.

"Кешіріңіздер, кешірім сұраймын. Енді мұндай видео салынбайды", - деп жауап берген әйел.

Алайда желі қолданушылары әкімдік қызметкерінің әйелге не үшін кешірім сұратқанын түсінбей әлек болды.

Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов Sputnik Қазақстан тілшісіне бұл келеңсіз жағдайға өзіне берілген тапсырманы дұрыс түсінбеген ауыл әкімі кінәлі екенін айтты.

"Әкім бүгін таңертең өзі осы әйелге барып кешірім сұрағанын айтты. Әрине, біз қызметкерімізді тәртіптік жазаға тартамыз. Бұл бәріміз үшін сабақ болады", - деді аудан басшысы.

Қанат Кәрімов ауданда қар тазалау жұмыстары жүріп жатқанын, тәулігіне бір жарым айлық норманың түскенін айтты. Баянауылдың өзінде көшелер қардан тазартылып, қала сыртына шығару жалғасып жатыр.

Жаңалықтар
0