Sputnik Қазақстан вакцина жасаушылардың бірі – Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты зертханасының меңгерушісі Леспек Құтымбетовпен тілдесіп, QazVac-ты одан әрі қолдану перспективалары туралы сұрады.
Леспек Құтымбетов QazVac-ты адамдардың әртүрлі тобына қолдануға болатынына сенім білдірді – ол "барынша зиянсыз". Дегенмен оны балалар мен жүкті әйелдерге қолдануға рұқсат беру үшін тиісті клиникалық зерттеулер жүргізу қажет.
"Балаларға қолдану үшін бұл вакцина ресми клиникалық сынақтардан өтуі керек. Бұған дейін клиникалық сынақтардың бірінші, екінші, үшінші кезеңдеріне 18 жастан асқан еріктілер қатысқан болатын. Біз клиникалық зерттеулерді (балаларға қатысты – Sputnik Қазақстан) бөлек жүргізбедік. Біз мұны істегіміз келеді, алайда қолдау, уақыт, мүмкіндіктер жеткіліксіз", - деп толықтырды ғалым.
Құтымбетов клиникалық зерттеулер "көп қаражатты" қажет ететінін атап өтті. Сонымен қатар ауқымды клиникалық база, мамандар керек.
"Мысалы клиникалық сынақтардың үшінші кезеңіне 3 мың адам қатысты – әр адамнан күн сайын жауап алып, қан, несеп, ЭКГ және өзге де зерттеулерді жүргізу қажет. Мұның бәрі ақылы. Егер кадрлық, қаржылық, клиникалық база болса, балаларға клиникалық зерттеулер жүргізу қиын емес. Әзірге біздің қолымыз бұл деңгейге жеткен жоқ", - деп толықтырды зертхана меңгерушісі.
Сондықтан әзірге QazVac-ты балалар мен жүкті әйелдерге қолдануға рұқсат етеді деп айтуға ерте.
"QazVac-ты жастарға, балаларға, жүкті әйелдерге клиникалық зерттеулер жүргізгеннен кейін ғана салуды ұсынамыз. Біз вакцинаның бұл санаттағы адамдар үшін зиянсыз және тиімді болатынын білеміз. Бірақ бұл үшін клиникалық зерттеулер жүргізу қажет. Оған кем дегенде алты ай қажет болады", - деп түйіндеді ол.
Құтымбетов QazVac 2021 жылдың сәуірінде өндіріле бастағанын еске салды.