НҰР-СҰЛТАН, 8 қазан – Sputnik. Семейде пара алғаны үшін сотталған Аягөз қаласының бұрынғы әкімі Қуаныш Азыханов бес айдан соң түрмеден босап шықты.
ШҚО соты баспасөз қызметінің ақпаратынша, Азыханов Семей қаласы №2 сотынан жазаның өтелмеген бөлігін айыппұлға ауыстыруды өтінген. Қолдаухатта экс-әкім заңмен белгіленген жаза мерзімін (1/3) өтегенін айтқан.
"Жазаны өтеу кезінде ол өзін жақсы қырынан көрсетті, сот үкімімен процессуалды шығындарды төледі, азаматтық арыз-талабы жоқ, жеңілдетілген ұстау жағдайына ауыстырылды, мекеменің қоғамдық өмірі мен тәрбие шараларына белсенді қатысты. Осыған байланысты ол жазасын толық өтеуді қажет етпейді", - делінген хабарламада.
Сот сотталушының өтінішін қанағаттандырған.
Сот Азыхановтың абақтыда түзелгенін, сондай-ақ медицина құжатында көрсетілген аурулармен ауыратынын ескерген. Сондай-ақ түрме әкімшілігі мен психолог та оң мінездеме жазған. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Азыханов не үшін сотталды
Биыл мамырда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласының бұрынғы әкімі Қуаныш Азыханов 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Шенеунікке аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылды. Азыханов Аягөз әкімі болып жұмыс істеп жүрген кезде 2020 жылдың 16 және 17 қыркүйегінде "Көркем" ЖК мердігер ұйымнан табиғи апаттан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны үшін 1,2 миллион теңге пара алған. Экс-әкім қаражатты алғаннан кейін қызметтік кабинетінде ұсталды.
Оқи отырыңыз: Арон Атабек 15 жылдан кейін түрмеден шықты
Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі (Пара алу) бойынша қаралды.
Прокурор Азыхановты 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда бұрынғы әкім бұл ақшаны қарызға алғанын айтып, тағылған айыпты мойындамады.
Сот Қуаныш Азыхановтың кінәсі куәгерлер мәлімдемесімен толық дәлелденгенін мәлімдеді. Ал қаражатты қарызға алу туралы мәлімдемені жоққа шығарды.