НҰР-СҰЛТАН, 8 қазан — Sputnik. "Қазгидромет" қызметкерлері 2021 жылдың қыркүйек айында болған ауа райына талдау жасады. Өткен айда елге суық ауа райы әдеттегіден ерте жетіп, жауын-шашын мөлшері екі есе көп болды.
19-28 қыркүйек аралығында батыс, солтүстік, орталық, шығыс пен оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында үсік жүрді. Сынап бағанасы -2-9°С-қа дейін төмендеді.
Солтүстік бөлікте бірінші онкүндікте жаңбыр жауды, кей уақытта 15-18 мм-ге жетті (28 қыркүйекте Қостанай облысы Тобыл және Железнодорожный метеостанцияларында 18 мм тіркелді). Желдің екпіні 15-28 м/с шамасында. Ал қыркүйек айының соңында түнгі уақытта жаңбыр қарға ұласты.
Оңтүстікте жауын-шашын аз болды.
"Атмосфералық фронттар өтуіне байланысты елдің оңтүстік-шығысында жауын-шашын мөлшері орташа болды. Ал таулы аудандарда қар аралас жаңбыр жауды", - деді синоптиктер.
Алматы облысында жел күшейіп, 30 м/с-тен асты. Салдарынан шаңды дауыл болып, көру мүмкіндігі 100-1000 метрге дейін қиындады.