НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев нан бағасының өсіп жатқанына назар аудартып, дабыл қақты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Соңғы уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне қатысты мәселелер көбірек көтеріліп жүр. Халық бағаның реттелмейтініне, тіпті кейде әртүрлі болатынына шағымдануда. Мысалы, ең танымал 1-сұрыпты ұн 150-200 теңге аралығында сатылады және одан әрі өсу үрдісі бар. Ал ұн бағасы осы жаздың өзінде 120-130 теңге болды", - деп бастады Әміреев вице-премьер Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалын.
Депутат биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін құрғақшылық салдарынан астық түсімінің төмендігі елеулі соққы болғанын атап өтті. Сондай-ақ жанар-жағармай тапшылығы, тыңайтқыштар, ауыл шаруашылығы техникасы құнының жыл сайынғы өсуі де астық бағасына әсер етті.
"Біреулер үшін жанар-жағармай бағасының күрт өсуі нормаға, жауапсыздық нормасына айналды. Бұл үнемі, дәлірек айтқанда, көктемгі егіс жұмыстары мен егін жинау кезінде болады. Депутаттар да бұл мәселені бірнеше рет көтерген болатын, бірақ бұрынғы жартас – сол жартас. Бұл ауыл шаруашылық мамандары үшін ең жауапты сәтте қасақана жасалатындай әсер қалдырады", - дейді Әміреев.
Айтуынша, соңғы айда астық 50%-ке, ал ұн небәрі 12-15%-ке өсті.
"Логика қайда? Не істеу керек? Ұн тартушыларға шикізат жетіспейді. Астық өңдеушілер қауымдастығы тапшылықтың қолдан жасалуына жол береді. Өндірушілер бағаның одан әрі өсуін күтіп, астықты өздерінде ұстап қалуы мүмкін. Қазір жұмсақ бидай тоннасына шамамен 125 мың теңге тұрады", - деді мәжілісмен.
Оқи отырыңыз: Әлеуметтік тауарлар бағасын көтерген кәсіпкерлерге айыппұл салынады
Мамандардың айтуынша, жағдай шиеленіскен. Астықтың басым бөлігі экспортқа кетіп жатыр. Бұл ұн тартушыларға кері әсерін тигізуде – олар өз нарығын жоғалтады және тұтастай бір сала үлкен проблемаларға тап болуы ықтимал, деп жалғастырды сөзін Әміреев.
"Егер жақын арада біз халықты үстелінде болатын басты өніммен – қазірдің өзінде бағасы қарқынмен өсіп жатқан нанмен, макаронмен және жарма өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесін шешпесек, оның салдары биылғы көктем мен жаз мезгіліне қарағанда ауыр болуы мүмкін", - деп ескертті депутат.
Осыған байланысты мәжілісмен тауар нарығында бидайдың жеткілікті көлемін сатып алу бойынша интервенция жүргізу үшін "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" мен тұрақтандыру қорларына үкімет резервінен қосымша бюджет қаражатын бөлу мәселесін шешуді сұрады.
Айтуынша, бұл келешекте нан, жарма және макарон өнімдері бағасының тұрақтануын қамтамасыз етеді.