НҰР-СҰЛТАН, 5 қазан – Sputnik. Алматы қаласында жапсарлас салынған үйді бұзуға келген сот орындаушысын ұрып тастады. Полицейлер оқиға орнынан қашып кетті. Қоқан-лоқы көрсеткен адамдардың ішінде танымал қазақстандық боксшы да болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, Бостандық ауданының соты Виноградная көшесіндегі жеке меншік үйге жапсарлас салынған құрылысты бұзуға шешім шығарған. Себебі ол нысан дұрыс салынбай, бір жаққа қарай қисайып кеткен. Көрші үйге құлау қаупі бар. Бірақ иесі заңсыз салынған үй-жайды өз күшімен бұзбай қойды. 4 қазанда сот орындаушысы екі полицеймен бірге шешімді орындауға барған.
View this post on Instagram
"Сот орындаушысы полицейлермен бірге үй-жай аумағына кірген. Бірақ белгісіз біреулер тәртіп сақшыларына қарамай, сот орындаушысына қысым жасай бастады. Қоқан-лоқы көрсетіп, қызметтік міндетін орындауға кедергі жасады", - делінген сот орындаушылары палатасының ресми хабарламасында.
Бірақ сот орындаушысы тиісті заңды дауыстап тұрып оқып, сот шешімін орындауға кірісетінін мәлімдеді. Осы кезде Максот Ысқақов деген кісі оны көпшіліктің көзінше балағаттап, сот шешімін орындауға жол бермейтінін айтты.
"Ысқақов сот орындаушысын тұншықтырды. Артынан тағы келіп, қоқан-лоқы жасады. Үй-жайды бұзу жұмыстарын тоқтатуды талап етті. Бірақ сот орындаушысы А.Ермеков оған мән бермеді. Осы кезде Ысқақов бүйірінен және өкпе тұсынан ұрды. Полиция бәрін көріп тұрған. Тәртіп сақшылары қашып кетті", - дейді сот орындаушылары.
Ермеков қылмыстық істі қозғауға шағым түсірді. Полицияның әрекетіне де арызданды. Себебі олар соққы жасаған адамды ұстаудан бас тартты.
Ал Ысқақов оқиға орнына бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраровты шақырды. Ол да қоқан-лоқы көрсетіп, арызды қайтаруды талап етті. Танымал спортшы сот шешімін орындау жұмысын "шектен шыққандық" ретінде бағалап, сот орындаушысына дәл сондай "шектен шыққандық" жасаймын деп қорқытты. Қазіргі кезде олар сотқа арыз түсірген көршіге де қысым жасауға кіріскені хабарланып отыр.
Ысқақов не дейді
Sputnik Қазақстан тілшісі сот орындаушысын ұрған Мақсот Ысқақовқа хабарласып, заңды шешімді орындауға не себепті кедергі жасағанын білді.
"Бұл – менің үйім. Өзім сатып алдым. Ал сот шешімінде мен туралы ештеңе жазылмаған. Соттың шешімі былтыр шыққан. Үйдің бұрынғы иесі сот шешімі шыққанша сатып жіберген ғой. Мен өзім үшінші адамнан сатып алдым. Орындау құжатында мен жоқпын. Оны да айтып көрсеттім. Бірақ оған қараған жоқ", - дейді Ысқақов.
Оның айтуынша, сот шешімін орындауға он адам келген. Сот орындаушысы оған боғауыз айтқан. Содан шыдай алмай, бауырдан бір ұрған.
Ал "Оқиға орнына Жанқош Тұраров та келді ме?" деген сұраққа: "Мен Жанқош Тұраровты танымаймын", - деп қысқа ғана қайырды.
Ысқақов құқық қорғау органдарына арызданып, Қылмыстық кодекстің 251-бабы ("Жекеше нотариустардың, бағалаушылардың, жеке сот орындаушыларының, медиаторлардың және аудиторлық ұйым құрамында жұмыс iстейтiн аудиторлардың өкiлеттiктердi терiс пайдалануы") бойынша іс қозғауды талап етпек.
Алматы қалалық полиция департаменті сот орындаушысынан түскен арыз тіркеуге алғанын хабарлады.
Қазіргі кезде тексеріс басталды. Соның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады.