АЛМАТЫ, 4 қазан – Sputnik. Қазақстанның бұрынғы көлік және коммуникация министрі Серік Әлиғожинов дүниеден өтті. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап, марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Серік Әлиғожинов 3 қазанда 77 жасында дүниеден өтті. Ол 1994 жылдың қазанынан 1995 жылдың желтоқсанына дейін көлік және коммуникация министрі қызметін атқарды.
"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұжымы "ҚАО" басқарма төрағасы, бұрынғы көлік және коммуникация министрі Серік Қарабатырұлы Әлиғожиновтың отбасы мен жақындарына көңіл айтады", - делінген министрлік хабарламасында.
Серік Қарабатырұлы 1944 жылы Павлодар облысында дүниеге келген.
Павлодардағы 2564 автотізбек механигінен Қазақстанның көлік және коммуникация министріне дейін көтерілген.
Зейнетке шыққаннан кейін Қазақстан автокөлік одағының басшысы болды.
Еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін КСРО халықтарының достығы орденімен, Қазақстанның "Құрмет" және "Парасат" ордендерімен марапатталған.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Павлодар қаласының құрметті азаматы атанды.