НҰР-СҰЛТАН, 4 қазан – Sputnik. Нұр-Сұлтандағы халыққа қызмет көрсету орталығында 52 жастағы ер адам әйелдің сөмкесін ұрлап кетті. Полиция күдіктіні дүкенде ішімдік алып жатқан жерінен ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, "Сарыарқа" аудандық полиция басқармасына 20 жастағы қала тұрғыны арызданды.
Ол күндіз халыққа қызмет көрсету орталығына барған. Сол жерде белгісіз біреу оның сөмкесін ұрлап кетті. Полицейлер бейнебақылау камералары жазбасын қарап, жеке заттың қалай ұрланғанын анықтады.
Арыз беруші ХҚКО-ға құжат алуға келген. Сөмкесін үстелдің үстінде қалдырып, құжат толтыруға барған. Дәл сол кезде кезекте тұрған ер адам сөмкені алып, ғимараттан жылдап шығып кеткен. Оның әрекеті видеоға түсіп қалды.
Тәртіп сақшылары қаладағы бейнебақылау жүйесі арқылы ұрының қайда барғанын қарап, бір сағат ішінде 52 жастағы ер адамды Жангелдин көшесіндегі дүкенде ішімдік алып жатқан жерінен ұстады.
Ұрланған сөмке иесіне қайтарылды. Ал ұры қылмыстық кодекстің 188 бабы ("Ұрлық") бойынша жауапқа тартылып отыр. Қазіргі кезде оның осы іспетті басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Айта кетері, осы қылмыс 1 000 АЕК-ке (2 917 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, я болмаса, 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылған. Үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.