НҰР-СҰЛТАН, 4 қазан – Sputnik. Оралда ер адам сегіз жасар қызға азғындық әрекет жасады. Күдікті баланы балмұздақ сатып әперемін деп уәде беріп, үйіне алдап шақырған.
Қыз көшеде ересектердің қарауынсыз жүрген.
"Қылмыскер оған балмұздақ сатып әперген, содан кейін алдап үйіне шақырған. Сөйтіп бірнеше сағат бойы азғындық әрекет жасаған. Қазіргі таңда прокуратура күдіктіні сотқа тапсырды", - деп келтірді Батыс Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі Әсел Берқалиеваның сөзін өңірлік "Мой город" басылымы.
Оның айтуынша, бүгінде балаларға қарсы қылмыстың басым бөлігі ата-аналар мен туыстарының қарауынсыз қалған кезде жасалады.
Берқалиева жуырда тағы бір оқиға болғанын айтты. Жасөспірім қыз темір жол ауданында орналасқан үйіне бара жатқанда белгісіз ер адам жүгіріп келіп, азғындық әрекет жасаған. Сот оны кінәлі деп тауып, 12 жылға бас бостандығынан айырды.
Қылмыстық істер материалдарына сүйенсек, балалар үйде жалғыз қалғанда есікті жаппайды, сондай-ақ көшеде танымайтын адамдармен сөйлесе береді, бейтаныс адамдармен лифтке кіреді, үйге қандай қауіпсіз жолдармен баруға болатынын білмейді. Дәл осындай сәттерде олар педофилдердің көзіне түседі, деп нақтылады аға көмекші.
Оқи отырыңыз: