Сырбай Мәуленов 1922 жылы 17 қыркүйекте Қостанай облысы Жанкелдин ауданы Торғай ауылында туған. Ата-анасының жұмыс бабына байланысты бала күнінде туған жерінен жырақтап, Қызылорда облысына қоныс аударған. Сыр елі Сырбайды жатсынбады, керісінше ақындық шабытына шабыт қосты.
Ол 1973 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген.
Филология ғылымдарының докторы Серік Қирабаев Сырбай Мәуленовтің ақындық талантының шарықтауы Ұлы Отан соғысы жылдарына тура келгенін айтады. Иә, Сырбай Мәуленов Ұлы Отан соғысына қатысқан.
"Сырағаң соғыстың алдында Қызылордада өлең жаза бастады. Шын ақындыққа келуі, төселуі Ұлы Отан майданында өтті. Майдан өмірі көп адамды шындықтың не екенін, өмір мен өлім үшін күрестің не екенін ұқтырды. Сырағаң солай ойшыл ақынның қалпына келді", - дейді Серік Қирабаев.
Осылайша төрт жыл кескілескен ұрыс Сырбайды ақын ретінде де, адам ретінде де шыңдады. Соғыстан келген соң халықтың жай-күйін "Соғыстан қайтқан солдаттар" өлеңінде көрсетті.
Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар? деп оралмаған солдаттарды жоқтады.
Сырбай Мәуленов – қырыққа жуық жыр жинақтың авторы. Шығармаларында туған жер, замандас және оның жасампаз еңбегі жырланады.
Ақынның "Жаңа көктем" (1956 жыл), "Дала таңы" (1957 жыл), "Көгілдір таулар" (1964 жыл), "Жер нәрі" (1970 жыл), "Апрель жапырақтары" (1972 жыл), "Таңдамалы лирикалары" (1967 жыл), "Тандамала лирикалары" (1972 жыл), "Жапырақтар жанады" (1972 жыл), өлеңдер жинақтары орыс тілінде Мәскеуде басылды.
Журналист ретінде мерзімді баспасөзге белсене қатысты, көптеген публицистикалық мақала мен очерк жазды. "Жар нәрі" атты әдеби портреттер мен очерктер жинағында 1966 жылы республика еңбекшілерін халық шаруашылығын өркендетудегі еселі еңбегін туысқан республикаларға барған сапарларынан алған әсерлерін суреттейді.
1971 жылы шыққан "Үркер төбеде тұр" кітабы естеліктер мен портреттерден этюдтерден құралған.
Амангелді Имановтың балалық шағы туралы "Қорқақ торпақ" (1968 жыл) тағы басқа өлеңдер мен әңгімелер жазды.
Мәуленов орыс және туысқан халықтар әдебиетінің классиктері А.С. Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Н.А. Некрасов, Т.Г. Шевченко, В.В. Маяковский, А.А. Блок, С.А. Есенин, Н.С. Тихонов, М.А. Шолохов, Ә. Науаи тағы басқа шығармаларың қазақ тіліне аударды.
1970 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығынаң лауреаты атанды.
Журналистикадағы жолы
Сырбай Мәуленов 1943-1950 жылдары Қостанай облысы радиокомитетінде редактор, "Большевиктік жол" газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болды.
1951-1955 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редакция меңгерушісі болды.
1957-1961 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқарды. "Қазақ әдебиеті" газетінде бас редактордың орынбасары болды.
1964-1971 жылдары "Жұлдыз" журналының, 1955-1957, 1971-1977 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болды.
Сырбай Мәуленов – публицист, очеркист, журналист, сыншы, сатирик, редактор. Ол классик ақын болумен қатар, журналистиканың барлық жанрында қалам тербеген.
"Сырбай Мәуленов көрнекті совет ақыны екені жұртқа аян. Сонымен қатар Сырбай – жалынды публицист. Мерзімді баспасөзде, жинақтарда жариялаған Сырбайдың от-жалынды публицистикалық мақалалары мен очерктерін оқушылар қауымы жақсы біледі, сүйіп оқиды", - дейді профессор Тауман Амандосов.
Сырбай Мәуленовтің редакторлығы жөнінде ақын Мұзафар Әлімбаев: "...Бас редактордың өзі: әмбебап, нағыз газеткер, жаңалыққа ұмтылғыш, тың идея тапқыш, өзгелерге ой тастағыш, ұжымдағыларды жұмылдырғыш, кімнің қандай оңтайы бар, соған қарап кімге тапсыруды, нені жаздыруды жіті біледі. Өзі де жазғыш өлеңдегі беделінің өзі бір төбе. Басқа жануарларда да бас редактордың еңбегі ұсақ емес, ірі, көзге көрініп, көптің мақұлдануына ие болып жатады" дейді.
Сырбай Мәуленов 1993 жылы 71 жасында дүниеден өтті.
Оқи отырыңыз:
- Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті
- "Үкіметке өкпем жоқ": жазушы Мұхтар Мағауин Қазақстаннан неге кетті
- "Жұмысқа қан-жоса болып келді": Әнші Әміре Қашаубаев туралы не білеміз?