НҰР-СҰЛТАН, 2 қазан – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының полицейлері Үлбі өзеніне секірген ер адамды құтқарды, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
1 қазанда сағат 22.50 шамасында полицияға Үлбі көпірінде ер адамның секіруге оқталып тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті.
View this post on Instagram
Оқиға орнына полицияның "Боран-13" патрулі аттанды. Олар ер адам көпір жақтауында тұрған сәтте жетті. Уақыт жоғалтпастан аға лейтенант Бекарыс Абдолданов ер адамды қолынан шап берді. Сол уақытта оның әріптесі Дидар Болатбаев секіруге оқталған адамды райынан қайтаруға тырысты. Ал үшінші қызметкер Азамат Артамбаев сақтық үшін көпірдің астына жүгірді.
Алайда ер адам құтқарушылардың сөзіне құлақ аспады. Көпірден төменге секіріп кетті. Полицияның Ерік Ерсайынов атты қызметкері оның соңынан суға сүңгіді. Осылайша батып өлмекші болған ер адам құтқарылды. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
23 жастағы жігіт сол күні сүйіктісімен сөзге келіп қалып, осындай қадамға барған.
Оқи отырыңыз:
- Астана тұрғыны көпірден құлап кеткен қыздарды құтқарып қалды
- Астаналық жігіттің көпірден секірген видеосы желіде тарады