Өңірлер

Ираннан Қазақстанның солтүстігіне қоныс аударған қандастар көмек сұрап жатыр

© Photo : МИД КазахстанаҚандастар Қазақстанға оралды
Қандастар Қазақстанға оралды - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.10.2021
Жазылу
НовостиTelegram
Қандастардың айтуынша, оларды жөндеу жұмыстары аяқталмаған үйлерге көшірген

НҰР-СҰЛТАН, 2 қазан – Sputnik. Солтүстік Қазақстанға Ираннан көшіп келген этникалық қазақтар биліктен көмек сұрап жатыр. Себебі оларға берілген үйлердің сапасы сын көтермейді. Күздің қара суығында жағарға көмір таппай қиналып отыр, деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.

Солтүстік Қазақстанның Шал ақын ауданына Ираннан 12 отбасы қоныс аударған. Солардың бірі – Әбдірахман Искалдин. Қандас әкімдіктер үйіп-төккен уәделерін орындамады деп ашынады.

"Бір жыл отыныңызды, бір жыл көміріңізді, бір жыл көмегімізді, ас-суыңызды, киіміңізді береміз деп айтты. Біздер сол бағдарламамен келген адамдармыз. Бірақ келсек, еш нәрсе жоқ. Міне, жуынатын жерді көріп тұрсыз. Әкімдік көмекке келгенменен, әкімдіктің қолында ештеңе жоқ. Баяғы бөлген ақша бітті дейді", - дейді Искалдин.

Телеарна ақпаратынша, былтыр тұрғызылған жаңа баспаналарда жағдай жасалмаған. Жуынатын бөлмеде жұмыстар енді басталып жатыр. Ағайындар судан да таршылық көруде.

"Үйлер салқын, астынан жел соғады. Әжетхананың түрі мынау, салынғанына бір апта ғана болды. Он бір үйдің адамы соған барады. Отын жоқ, көмір жоқ, су жоқ", - дейді қандас Хамит Шаткам.

Халықтың көбі жұмысқа да орналаспаған.

"Жұмыс жоқ, кеше әкімнің орынбасарына айттым: келіншектерге жұмыс тауып беріңіз, арамызда тігіншілер бар деп. Жұмыс жоқ, отырмыз", - дейді  Несіп Қазақ.

Аудан қандастарды қабылдауға дайын болмай шықты. Себебі биылғы жоспар орындалып қойған. Бірақ билік жақын күндері барлық олқылықтың орнын толтырамыз деп сендірді.

Оқи отырыңыз: "Қорқыныш бар": Ираннан көшіп келген қандастар неге алаңдайтынын айтты

"Бүкіл жағдай жасалады. Келесі жұмада бір демеуші арқылы көмір әкеліп береміз. Унитаз бен раковина бар, жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз аудан бюджетінен қаражат бөліп, соны жасап жатырмыз", - дейді Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов.

Қазір қандастардың құжаттары қабылданып жатыр. Реттелген соң көтерме ақы беріліп, жұмысқа ресми түрде орналастырылады. Бірақ нақты қашан екені белгісіз.

Жаңалықтар
0