Қоғам

Маман қазан айына болжам жасады: қазақстандықтарды не күтіп тұр

© Sputnik / Владислав ВодневНұр-Сұлтан тұрғындары, архивтегі сурет
Нұр-Сұлтан тұрғындары, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.10.2021
Жазылу
Жұлдызнамашы қазан айында кейбір адамдарды қиындықтар күтіп тұрғанын айтты. Енді бірі айдың соңында маңызды шешім қабылдайды

НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Қазақстандық астролог Ирина Әбдірайымованың болжамынша, күздің екінші айы оқиғаларға толы болады. Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Саяси аренадағы өзгерістер

Әбдірайымованың айтуынша, қазан айында Плутон, Сатурн, Меркурий және Юпитер ретроградты қозғалыстан шығады. Соған байланысты әлем елдерінде осы айда әлеуметтік және саяси оқиғалар көп болады.

"Жоғары шенді шенеуніктер, президенттер, король отбасыларының мүшелері, саяси лидерлер немесе жай ғана танымал адамдар өз еркімен немесе мәжбүрлі түрде отставкаға кетуі мүмкін. Халық президенттің құқықтары мен өкілеттіктерін азайтуды талап етіп, жаппай наразылық акциясын ұйымдастырады. Ел лидерлері арасында дау-жанжал шығады", - деді маман.  

Астрологтың болжамынша, айдың бірінші және екінші онкүндігінде өнеркәсіптік, әсіресе әскери жабдық бұзылып, әскери техникамен, суасты қайықтарымен апатты жағдайлар туындауы ықтимал.

10 қазаннан бастап кейбір мемлекеттер саяси дағдарыспен бетпе-бет келеді. Ереуілдер, тәртіпсіздіктер жиілейді, билік ауысуы да мүмкін.

Сондай-ақ кибершабуыл, киберқауіпсіздік мәселелері күн тәртібіне шығады.

"17 мен 18 қазанға қарай проблемаларды халықаралық деңгейде шешуге тура келеді. Еркіндік пен әділдікке ұмтылыс күшейеді. Қазан айында, тіпті, әскери қақтығыстың оты тұтануы мүмкін. Алайда даулы мәселелерді халықаралық ұйымдардың қатысуымен бірігіп шешуге болады. Сонымен қатар, жоғары саяси деңгейде жеке кездесулер немесе телефон әңгімелеріне қажеттілік туындайды", - деп болжады жұлдызнамашы.

Кімдерді қиындық күтіп тұр

Әбдірайымова Тауешкі, Тоқты, Таразы, Шаян және от пен ауа белгілері үшін қазан айы оқиғаларға толы болатынын атап өтті.

Атап айтқанда, айдың 16 мен 17 аралығында туған Тауешкі, Тоқты, Таразы, Шаяндарды қиындықтар, шамадан тыс белсенділік күтіп тұр. Астролог оларға мұқият болуға кеңес берді, себебі бұл белгілер Плутон және Марс сияқты планеталық энергияның ықпалына түседі.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 1 қазаннан бастап не өзгереді

Ал айдың 13 мен 15 күндері туған Таразы, Мерген, Суқұйғыш, Егіздер мен Арыстандар Марс мен Юпитердің ықпалында болады. Бұл дегеніміз, белсенділік, дау-жанжал, әділдік үшін күрес.

Ай күндеріне болжам

1-2 қазан  – теңдікке ұмтылудың соңы ұрыс-керіспен аяқталуы мүмкін. Сол себепті, жұлдызнамашы, арандатушылыққа ермеуге кеңес берді. Бұған қоса сапарға шыққанда және көлік жүргізгенде абай болған жөн.

3-4 қазан – оптимизм, шығармашылық, шабыт, жаңа таныстық. Бастыққа өтініш айтуға сәтті күн. Сонымен қатар, бағалы дүние, әшекей, тұрмыстық техникалар сатып алуға таптырмас уақыт.

5-6 қазан – өзгелердің пікірімен санаспау, тұрмыстық жағдайда жарақат алу, ашуға бой алдыру. Сондай-ақ бұл күндері адамның ішкі энергиясы тасиды, жаңа идеялар пайда болып, өзгелерге үлгі болуға тырысады. Астрологтың болжамынша, бұл кезеңде адамдардың көңіл-күйі құбылмалы болады, өзін ренжіткен адам өш алғысы келіп, шектен шығуы мүмкін. Соңы төбелеспен аяқталуы да ғажап емес. Осы кезеңде ренжіскен адамдар ұзақ уақыт араз болады.

11-12 қазан – ұшақ рейсінің кешігуі, құжат жоғалту, клиенттің келмеуі және тағы басқа. Осы тектес ұсақ-түйек адамның ішкі жан-дүниесіндегі тепе-теңдікті бұзып, жүйке жүйесіне теріс әсер етеді.

Бірақ, Әбдірайымованың айтуынша, сабыр сақтаған абзал. 13-16 қазан күндері бәрі реттеледі.

18 қазан – "тыныштық" күні. Аздаған кідіріс. Айдың басындағы қарбалас тірліктен шаршаған жаныңыз тек тыныштық қалайды.

Ал 19-ынан білім көкжиегіңізді кеңейтіп, қайырымдылық жасауға құлшыныс оянады. Бірақ орындай алмайтын уәде бермеңіз.

20-22 қазан – ұрыс-керіс көбейеді, келіссөз жүргізуге қолайсыз уақыт. Түрлі техника, құрал-жабдық істен шығуы мүмкін, жолда апат жиілейді.

24–25 қазан – атаққұмарлық, агрессияға бейім болу, өкпе-реніш, ашушаңдық. Сондай-ақ табандылық, күш, өктемдік. Астролог көзге шөп салудан, кездейсоқ таныстықтардан аулақ болуды ескертті. Әйтпесе 26-27 қазан күндері сатқындық жасағаныңыз жария болып, басыңыз дауға қалуы мүмкін.

28-29 қазан – табыс, жалақыға үстеме, сыйлық уақыты.

30-31 қазан – кейбір адамдар маңызды шешім қабылдайтын кезең. Бір жағынан қиындықтар, энергия тапшылығы, қажу, күйзеліс.

"Қазан айында көптеген іс сәтті аяқталады деген болжам бар. Сіз түбегейлі шешім қабылдап, айдың үшінші онкүндігінде жаңа істерге кірісе аласыз", - деді Әбдірайымова.

Жаңалықтар
0