НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Дубай қаласында кейінге шегерілген ЭКСПО-2020 халықаралық көрмесі ашылды. Оған Қазақстан да қатысып жатыр.
Отандық павильонда сан алуан қызықты дүниелерді көруге болады. Ішінде ДНК-шоу, адам мен жасанды интеллект, сондай-ақ, басқа да қызықты дүниелер бар.
View this post on Instagram
Халықаралық көрменің салтанатты ашылу рәсімі 30 қыркүйек күні өтті. Ұйымдастырушылар соңғы технологияларды пайдаланып, таңғажайып шоу жасады. Соның бәрі Al Wasl Plaza алаңындағы сфералық күмбезде тікелей эфир арқылы көрсетілді.
Дубайдағы ЭКСПО-да Қазақстанның павильоны – ең үлкен нысандардың бірі. Ол 3 420 шаршы метрді алып жатыр. Үш қабатты конструкцияда төрт тақырыптық көрме аймағы бар. Жанымызда Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, АҚШ, Монако, Швейцария мен Люксембургтың павильондары орналасқан. Барлығы ЭКСПО-ның "Мүмкіндіктер" атты тақырыптық кластерінде тұр.
Sputnik Қазақстан оқырмандары отандық павильон ең әдемі деп жатыр. Жоспарға сәйкес, жарты жылдың ішінде оған екі миллионнан астам адам кіріп шығады.
Қырғызстан азаматы Бусажида Қасымбекова Польша павильонында кеңесші болып жүр. Өзі сол елде білім алады. Дубайға университеттің атынан келген. Оған дейін іріктеу болды. Қасымбекова барлық сыннан сүрінбей өтті. Осылайша Польша павильонында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алды. Ол Қазақстанның павильонына да кіріп шықты.
"Қазақстандық павильонға кірген бойда күшті әсер аласың. Атмосферасы керемет. Музыка, өсімдіктер, ал оның ішіне жарық диодтарын орнатып қойған, өте әдемі көрінеді. Екінші қабатта инсталляция: күн қозғалады да, Қазақстанның таң атқаннан кеш батқанға дейін қалай өзгеретінін көруге болады. Ол жерде IT –технологияларды таныстырады", - дейді Қасымбекова.
Қазақстан павильонында елдің дамуы жан-жақты көрсетілген. Табиғи ресурстарымыз, мәдени байлығымыз, адам капиталы, туристік, технологиялық және инвестициялық мүмкіндіктер – бәрі-бәрі интерактивті инсталляциялар арқылы таныстырылады. Сондай-ақ индустриализация, қоршаған орта, транзит пен көлік тасымалы саласындағы стратегиялық жобалар да бар.
ДНК-шоуға қызығатын адамдар көп. Ал үлкен кинотеатрда адам мен жасанды интеллект арасындағы байланыс туралы баяндалады. Балалар ғылыми процестерді ойын арқылы тани алады. Ол үшін химиялық зертхана, интерактивті көрмелер мен шығармашылық шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Павильонда ұлттық тағамдар мейрамханасы ашылған.
Қазақстан павильонын ашуға бюджеттен шамамен 22 миллион доллар бөлінген. Осының арқасында шетелдік инвестициялардың көлемі артады деген жоспар бар.
Ал Дубай билігі ЭКСПО-2020 халықаралық көрмесін ұйымдастыруға қазынадан 7 миллиард доллар жұмсаған.
Көрме аймағына кіру үшін 18 жастан асқан адамдардың бәрі ПТР-тесттің теріс анықтамасын немесе вакцина салдырғаны туралы құжатты көрсетуі керек. Сондай-ақ үйден шықпай-ақ virtualexpo сайтынан тікелей эфирді көруге болады.
Көрме туралы ақпарат
"ЭКСПО" – әлемге танымал көрме. Халықаралық шара бес жыл сайын ұйымдастырылады. Әрбір көрменің өтетін жері Халықаралық көрмелер бюросының Бас ассамблеясында дауыс беру арқылы анықталады.
Ең бірінші көрме 1851 жылы Лондон қаласында өтті.
Дубайдағы көрме 2022 жылдың 31 наурызына дейін жалғасады. ЭКСПО Таяу Шығыста алғаш рет өтіп отыр. Оған 192 мемлекет қатысуда. Олар ғылым, техника, сәулет мен өнер саласындағы жетістіктерін көрсетеді.
ЭКСПО-2020 көрмесінің тақырыбы - "Ақылды біріктіріп, болашақты жасау". Дубайдағы көрмеге 25 миллион адам келіп кетеді деген болжам бар.
Айта кетері, 2017 жылы Қазақстанда ЭКСПО-ның мамандандырылған көрмесі өткен. Тақырыбы - "Болашақ энергиясы". Оған 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты.
Оқи отырыңыз:
- Тоқаевтың сөзінен кейін ЭКСПО-ға жұмсалатын қаражат қайта қаралатын болды
- Смайылов Дубайдағы "ЭКСПО-ға" неге 9 млрд теңге жұмсалатынын түсіндірді