НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталған Арон Атабектің жазасы денсаулық жағдайына байланысты жеңілдетілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Павлодар қаласының №2 сотында Арон Едігеевтің денсаулық жағдайына байланысты жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру туралы ұсынысы қаралды.
Сотталушының бірнеше ауруға шалдыққаны құжатпен дәлелденді.
"Арон Едігеевтің мойындағы омыртқаарлық дискінің зақымдануы (миелопатия) және жұлынның дегенеративті - демиелинизирлі ауруына шалдыққаны анықталды. Бұл диагноздар ішкі істер министрінің №530 бұйрығы бойынша жазаны өтеуден босатуға негіз болып табылатын аурулар тізіміне кіреді", - деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.
Ал Қылмыстық кодекстің 75 бабы, 2 бөлігі бойынша жазаны өтеуге кедергi жасайтын ауыр науқас жазаны өтеуден босатылады немесе қылмыстың ауырлығына қарай жаза неғұрлым жеңiл түрiне ауыстырылады.
"Заңда баяндалған мән-жайлар мен процесске қатысушылардың пікірін ескеріп, сотталған тұлғаға бас бостандығын шектеу жазасы 1 жыл мерзімге пробациялық бақылау орнату мен міндеттерді жүктеуге ауыстырылды", - делінген сот шешімінде.
"Шаңырақты" шайқалтқан оқиға
2006 жылы жазда Алматыда болған "Шаңырақ оқиғасына" биыл он бес жыл.
Сол жылы "Шаңырақ" ықшам ауданында полиция мен тұрғындар арасында қақтығыс болды. Жергілікті тұрғындар "жерді заңсыз басып алдыңдар" деп үйлерін сүруге келген полицияға қарсылық көрсетті. Қақтығыс кезінде бір топ адам 24 жастағы полицей Әсет Бейсеновтің үстіне бензин құйып, тірідей өртеп жіберді.
Қанды оқиғадан кейін 25 адамға "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып тағылды. Олардың төртеуі ұзақ жылға сотталды.
Арон Атабек – 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов – 16 жылға, Ерғанат Тараншиев – 15 жылға, Рүстем Тұяқов – 14 жылға бас бостандығынан айырылды.
Соңғы екеуі 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шықты. Өтегенов әлі темір тордың ар жағында. 2013 жылы түрме әкімшілігінің "заңды талабына бағынбады" деген айыппен Өтегеновтің жазасына тағы екі жарым жыл қосылды.
Арон Атабек кім
Арон Атабек – ақын әрі диссидент. 2014 жылдың сәуірінен Павлодарда жазасын өтеді. Атабек бұл жерге Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы колониядан этаппен жіберілген. Оны екі рет Қостанай облысы Арқалық қаласындағы "жабық" түрмеге салып жазалаған.
Құқық қорғаушылар Атабекті "саяси тұтқын" деп таныды, ал сот процесі мен үкімді саяси тапсырыс деп атады. Арон Атабек өзі кінәсін мойындаған жоқ және рақымшылық жасау туралы өтініштен бас тартты.
2010 жылы Арон Атабекке "Тұтқындағы өнер иесі" номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығы берілді. Сол жылы қарашада сыйлық Каир қаласында Атабектің туыстарына табысталды.
Биыл 31 қаңтарда Арон Атабек 68 жасқа толды. Ақтөбеде азаматтық белсенділер ақынның туған күнінде наразылық акциясын өткізіп, биліктен оны босатуды талап етті.
Оқи отырыңыз:
- "Шаңырақ оқиғасы": ІІМ түрмедегі Арон Атабектің денсаулығы туралы айтты
- Қазақстанда саяси репрессия жоқ – үкімет басшысының орынбасары