Қоғам

Депутат LRT-ның ақшасын жымқырғандар Нью-Йоркте алаңсыз өмір сүріп жатқанын айтты

© Sputnik / Владислав ВодневВ Нур-Султане начались строительные работы на Астана LRT
В Нур-Султане начались строительные работы на Астана LRT - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.09.2021
Жазылу
Бұқаралық ақпарат құралдарында Сұлтанбеков мен Ардан Интерполдың тізімінде жоқ деген мәлімет тарады

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек –  Sputnik. Депутаттар LRT ісі бойынша шетелге қашып кеткен екі адамға іздеу салынғанына күдік келтірді. Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы бас прокуратураға депутаттық сауал жолдап, мәселенің мән-жайын түсіндіріп беруді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақсат Раманқұлов сотта жеті адамның аппеляциясы қаралып жатқанын еске салды. Ал осы қылмыстық істің негізгі фигуранттары – қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" экс-басшысы Талғат Ардан халықаралық іздеуге берілген. Алайда тамыз айында кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында "Сұлтанбеков мен Ардан Интерполдың тізімінде жоқ" деген мәлімет тарады. Оны ешкім жоққа шығармады. 

"Ал әлеуметтік желіде олардың отбасы мүшелері Нью-Йоркте бейқам әрі молшылықта өмір сүріп жатқанын көрсетіп, жиі жазба жариялап тұрған. Сонда қылмыстық жауапкершіліке тартылған адамдарды ешкім іздеп жатқан жоқ. Олар елден ұрлаған миллиардтаған ақшаны емін-еркін жұмсай алады. Демек сол ақшаны қайтару мәселесі де кейінге қалып отыр. Шамасы біздің құқық қорғау органдарымыз олардың ақшаны толығымен жұмсағанын күтіп отырған сияқты", - дейді Раманқұлов.

Оның айтуынша, халықаралық іздеу жариялау тәртібіне сәйкес, бас прокуратура алдымен Интерполдың Лион қаласындағы штаб-пәтеріне өтініш жолдайды. Алайда сотталған жеті адамның адвокаттары қазақстандық прокурорлардың Интерполға берілетін тапсырысты дұрыс рәсімдей алмағанын жеткізді. Сол себепті қашып кеткен екі адамның жүрген жері белгілі болса да, оларды ұстау шарасы қолға алынып жатқан жоқ.

"Сосын тағы бір маңызды мәселені ескеру керек. Шетелге заңсыз шығарылған ақшаны сол елдің өзі тәркілеп алуы да мүмкін. Ал оның бәрі шенеуніктердің меншігі емес, бұл – Қазақстан халқының ақшасы", - деп атап өтті депутат.

Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы бас прокуратураға депутаттық сауал жолдап, Интерполға тапсырыс қашан және қалай берілгенін, сондай-ақ іздеу салынған шенеуніктердің не себепті халықаралық ұйымның тізімінен әлі күнге дейін шықпай жатқанын түсіндіріп беруді талап етті.

Жаңалықтар
0