Білім

Магистратура үшін кешенді тестілеу тапсыру ережелері өзгереді

© Photo : buivuongСтудентка пишет конспект лекции
Студентка пишет конспект лекции  - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.09.2021
Жазылу
Кешенді тестілеуді тапсырудың жаңа ережелерінің жобасы жария талқылауға шығарылды. Құжатты әзірлеушілердің мақсаты – елде жоғары оқу орнынан кейінгі білімді қолжетімді ету

АЛМАТЫ, 29 қыркүйек – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі кешенді тестілеуді өткізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін бұйрық жобасын дайындады.

Құжаттағы негізгі жаңалық – тест тапсырғысы келетіндер үшін қосымша уақыт беріледі.

"Жоғары оқу орнынан кейінгі білім қолжетімді болуы үшін кешенді тестілеуге қатысу үшін өтініштерді қабылдау үшін екі кезең айқындалады: 1 маусым – 15 шілде, 1 қараша – 15 қараша. Кешенді тестілеу 20 шілде мен 10 тамыз, 18 қараша мен 11 желтоқсан аралығында өткізіледі", - делінген бұйрық мәтінінде.

Кешенді тестілеуді қағаз немесе компьютерлік форматта өткізу үшін жергілікті жерлерде кешенді тестілеу ұйымдастыру және өткізу жөніндегі өңірлік мемлекеттік комиссиялар құрылады, оларды білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

Өңірлік мемлекеттік комиссияның құрамына құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. Комиссия бес адамнан тұрады. Бұл ретте өңірлік мемлекеттік комиссияның төрағасы мен мүшелері тестілеу процесіне қатыспайды.

Компьютерлік форматта кешенді тестілеу өткізу кезіндегі өңірлік мемлекеттік комиссия:

  • тестілеуге кіргізу кезінде және тестілеу кезеңінде қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді;
  • санитарлық-профилактикалық талаптарды сақтау жоспарын аймақтың бас санитар дәрігерімен келіседі;
  • кешенді тестілеу өткізу кезінде медициналық персоналдың жұмысын ұйымдастырады;
  • көру қабілеті нашар, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған мүгедектер үшін кешенді тестілеу шеңберінде тапсырылатын пәндердің оқытушысы болып табылмайтын көмекшіні немесе есту қабілеті бұзылған мүгедектер үшін ымдау тілін меңгерген маманды ұсынуды ұйымдастырады;
  • тестілеу кезінде сөрелерге қойылатын жеке заттардың сақталуын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ енді кешенді тестілеуден өтуге ниет білдірушілер қабылдау комиссиясы арқылы еркін нысанда жазылған өтінішті тапсырады және құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат алады.

Кешенді тестілеуге компьютерлік форматта қатысу үшін өтінішті "Ұлттық тестілеу орталығы" РМҚК ақпараттық жүйесі арқылы береді.

Қазақстанда кімдер кешенді тестілеу тапсырады

Кешенді тестілеу өткізіледі:

  • оқыту қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін ғылыми-педагогикалық магистратураға түсушілер үшін: шет тілі (таңдау бойынша ағылшын, неміс, француз) бойынша тесттен, оқуға дайындығын анықтауға арналған қазақ немесе орыс тілдеріндегі (таңдау бойынша) тесттен, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады;
  • оқыту қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін бейінді магистратураға түсушілер үшін: оқуға дайындығын анықтауға арналған қазақ немесе орыс тіліндегі (таңдау бойынша) тесттен және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады;
  • оқыту ағылшын тілінде жүргізілетін магистратураға түсушілер үшін: оқуға дайындығын анықтауға арналған қазақ немесе орыс немесе ағылшын тіліндегі (таңдау бойынша) тесттен және ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады;
  • шығармашылық дайындықты талап ететін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының тобына түсушілер үшін: шет тілі (таңдау бойынша ағылшын, неміс, француз) бойынша тестен, оқуға дайындығын анықтауға арналған қазақ немесе орыс тіліндегі (таңдау бойынша) тест тапсырады;
  • араб тілін білуді талап ететін білім беру бағдарламаларының топтары бойынша магистратураға түсушілер үшін: білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тесттен және оқуға дайындығын анықтауға арналған қазақ немесе орыс тілдеріндегі (таңдау бойынша) тесттен тұрады.

Осы орайда шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаты бар тұлғалар магистратураға кешенді тестілеудің шет тілі бойынша тесттен босатылады.

Кешенді тестілеуге қатысушыға магистратура бейініне байланысты 2 сағат 5 минуттан 3 сағат 55 минутқа дейін уақыт бөлінеді.

Тестілеу орталығы 30 тамызға дейін тест кезіндегі бейнебақылау жазбаларын қарайды.

Ережелердің толық мәтінін "Ашық НҚА" сайтынан көруге болады.

Магистратураға түсушілер үшін кешенді тестілеудің жаңа ережелерін жария талқылау 12 қазанға дейін жалғасады.

Жаңалықтар
0