АЛМАТЫ, 28 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан мен Ресейде өзен су тасқыны параметрлерін және ағынның өзгеру тенденциясын анықтау үшін трансшекаралық өзендер бойынша гидрологиялық және гидрохимиялық мәліметтерді жинау басталды.
Экология министрлігінің трансшекаралық өзендер департаментінің директоры Арсен Жақанбаевтың айтуынша, 2020 жылдың қазанында бекітілген ірі өзендердің бассейндерінде зерттеу жүргізу бойынша ынтымақтастықты кеңейту жол картасы аясында су объектілері зерттеліп жатыр.
"Экология және жасыл даму саласындағы ынтымақтастық" деген тақырыпта өткен Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумы аясындағы "Трансшекаралық су объектілері" панельдік сессиясында Жақанбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың 29 жылдық тәжірибесі мемлекетаралық су бөлу мен су қоры ресурстарының күрделі мәселелерін табысты шешуге мүмкіндік бергенін айтты.
Оның пікірінше, Жайық өзені суының азаю мәселесін бірлесіп шешу жемісті ынтымақтастықтың дәлелі болмақ. Соңғы жылдары Жайық трансшекаралық өзені ағынының азаюы мен су ресурстары және экожүйелер жай-күйінің нашарлау тенденциясы алаңдаушылық туғызып отыр, деп толықтырды спикер.
"Ірі өзендердің бассейндеріндегі бірлескен зерттеулер нәтижесінде трансшекаралық өзендердің гидрологиялық режимі мен экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізілетініне сенімдімін", - деп атап өтті спикер.
Қазақстан Ресей Федерациясымен алты негізгі трансшекаралық бассейн бойынша ынтымақтасады: Жайық, Ертіс, Есіл, Тобыл, Қараөзен мен Сарыөзен, Қиғаш, деп нақтылады Жақанбаев.
Тараптар 2000-2015 жылдар аралығында бұрынғы Павлодар қаласының солтүстік өнеркәсіптік аумағындағы сынаппен ластану ошағындағы жер асты және жер үсті суларына бірлескен мониторинг жүргізді. Орындалған жұмыстардың нәтижесінде "топырақтағы қабырға" әдісімен жылыстауға қарсы перденің құрылысы аяқталды, ластану ошағынан Ертіс өзенінің шетіне дейін 30 бақылау ұңғымасы бұрғыланды.
Аймақаралық ынтымақтастық форумы 28-30 қыркүйекте онлайн режимінде өтеді.