Экономика

Тоқаев кәсіпкерлерге: кәсіпорындардың жаппай банкротқа ұшырауына жол бермедік

© Официальный сайт Президента КазахстанаКасым-Жомарт Токаев
Касым-Жомарт Токаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.09.2021
Жазылу
Мемлекет басшысы пандемия басталғалы әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 6,3 триллион теңге болатын дағдарысқа қарсы шаралар жүргізілгенін айтты

АЛМАТЫ, 28 қыркүйек – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының VIII съезінде адамдардың денсаулығын сақтау және толыққанды кәсіпкерлік белсенділікті қалпына келтіру азаматтар жаппай вакцинацияланған кезде ретке келетінін айтты, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлер палатасы үкіметтің сенімді серіктесіне айналғанын және еліміздің орнықты дамуына зор үлес қосып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар келешекте ел үкіметі мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе атқаруы қажет істерге тоқталды.

Президент пандемия кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіргенін, алайда қиын сәтте мемлекет бизнес саласына жан-жақты қолдау көрсеткенін жеткізді.

"Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 6,3 триллион теңге болатын дағдарысқа қарсы шаралардың 3 топтамасы жүзеге асырылды. Бұл ахуалды түзеуге және экономикалық белсенділік пен кәсіпкерлік бастамаларды қайта қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді. Жұмыссыздықтың бірден белең алуына және кәсіпорындардың жаппай банкротқа ұшырауына жол бермедік. Биыл 8 ай қорытындысы бойынша ел экономикасы 3%-ке өсті. Мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра береді", – деді президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, 2022 жылы "Қарапайым заттар экономикасы" және Бизнестің жол картасы бағдарламаларының аясында 1 триллионнан кем емес қаржы бөлінген.

"Еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, экономиканың толық іске қосылуы, тұрғындар табысының қалпына келтірілуі, сондай-ақ ең бастысы, жақындарымыздың денсаулығы туралы сөз болып отыр. Қазақстанда тиімді, қауіпсіз және тегін вакциналар бар. Сіздердің түсіністік танытып, белсенді жұмыс істегеніңіз маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар ел президенті жиын кезінде елімізге жаңа реттеуші саясат қажет екенін айтты. Оның айтуынша, қатаң реттеуден бизнестің іскерлік белсенділігін ынтыландыруға smart regulation деп аталатын өзін-өзі реттеуге көшу керек.

"Менің тапсырмам бойынша мәжіліс "басынан бастап" реттеу жүйесіне негізделген заң жобасын енгізді. Оның басты қағидаттары: Оne in two out қағидасы, яғни қазіргі екі талаптың орнына бір жаңасын енгізу, шектен тыс реттеуге жол бермеу үшін түпкілікті міндетті талаптар реестрін жасау, реттеуші апелляция институтын енгізу, яғни кәсіпкерлердің шағымдары бойынша тиімсіз талаптарды сотсыз қайта қарау механизмдері болуы керек, жаңа реттеуші механизмді тәжірибеден өткізу үшін эксперименталды құқықтық режим тетіктерін енгізу. Заң жыл соңына дейін қабылдануға тиіс", - деді мемлекет басшысы.

Айтуынша, құжатқа қатысты барлық базаны 2023 жылы осы қағидаттың енгізілуіне дейін дайындау қажет. Үкімет оны ұлттық палатамен тығыз ынтымақтаса отырып, дайындайды.

Сондай-ақ үкімет пен "Атамекен" бірлесіп, шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуі қажет. Құжатта бизнесті тікелей, адрессіз қолдау мен субсидиялаудан мейлінше нарықтық құралдар мен әдістерге көшу мәселесі қарастырылады. Және ел үкіметі "Атамекенмен" бірлесіп, жыл аяғына дейін шағын және орта бизнесті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдайды.

Мемлекет басшысы қазақстандық өнімді дамыту еліміздің экономикалық саясаттағы басымдығының бірі екенін айтты. Елімізді одан әрі индустрияландырудың маңызды міндеттерінің бірі – отандық өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету.

Осыған байланысты жылдың соңына дейін президенттің тапсырмасына сәйкес қордаланған мәселені шешуге бағытталған "Өнеркәсіп саясаты туралы" заң қабылданады.

Жаңалықтар
0