НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. Риддер қаласының полициясы жер үйден қомақты ақша мен басқа да бағалы заттар сақталған сейфті ұрлап әкеткен екі ер адамды ұстады.
Ұрлық 35 жастағы жергілікті тұрғынның үйінде қыркүйектің ортасында жасалған. Полицейлер қылмысты бейнебақылау камераларының көмегімен ашты, деп хабарлайды polisia.kz.
Екі күдікті таңғы сағат 07.30 бен 09.30 аралығында пластик терезені бұзып, үйге кірген. Үйдің астаң-кестеңін шығарған. Сол сәтте қосалқы үй-жайдағы шағын сейфке көздері түскен. Оны үй ішінде ашуға қорқып, өзімен бірге алып кеткен.
Күдіктілердің жеке басын анықтап, ұстау үшін полицейлерге бірнеше күн қажет болды. Ұсталғандар 30 жаста, екеуі де жергілікті тұрғын. Бұған дейін бірқатар бап бойынша қылмыстық жауапқа тартылған.
Анықталғандай, ұсталғанға дейін ер адамдар ақшаның бір бөлігін жұмсап үлгерген.
Қазіргі таңда екі күдікті де тергеу аяқталғанға дейін қамауға алынды. Олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Оқи отырыңыз: